Жеңіс туын желбіреткен!
«Архивтегі тарих»
Жеңіс туын желбіреткен!
Ұлы Отан соғысының ардагері Әсет Кемпіреков Жамбыл ауданы Қара кемер ауылында 1923 жылы дүниеге келген. 1935 жылы Молотов мектебіне барып 1942 жылы 12 қаңтарда Көкшетау қаласындағы полковой мектебіне барып оқуға түсіп, Петропавл қаласында командир бөлімшесінде жұмыс атқарған. 1943 жылы Фрунзе қаласында әскери училищесіне түсіп, 1944 жылы қазан айында 1-ші Белорус, 3-ші екпінді армия №756 атқыштар полкна взвод командирі болған. 1945 жылы ақпан айында Польшаның астанасы Варшава қаласын азат етуге қатысып, Польша жерін жаудан толық азат етіп, 1945 жылы 21 сәуірде Берлин қаласына аттанған, фашизмның ордасы болған.
Әсет Кемпірековтың өз сөзінен алынған естеліктері: 1945 жылы 26 сәуірден бастап, Берлин қаласына жақындап, Рейхстагқа шабуыл жасадық.
Бұл жерде күні- түні соғысуға тура келді. Нағыз қырғын осы жерде болды, жоғарғы жақтан ретімен нөмірленген тоғыз Жеңіс жалауы белгіленді. Мен өз взводымен 5-ші жалауды ұстаған М.Егоров пен М. Кантарияның Рейхстагқа аман жету үшін жолын тазалауға бұйрық алдым. Жоғарғы жақтан шабуыл белгісін күтіп, белгі берілген соң, жау бекінісін нысынаға алып, біздің артиллерия оқ жаудырды. Сосын екінші батальон жауға қарсы шықты. Фашистерде аянбай қарсыласты. Біздің батальон көпірден өту арқылы қоймалар мен темір жолды басып алды. Жау көпірі әлі солардың бақылауларында болды. Көпірден екінші батальон өткенмен полктің негізгі күші өте алмады.
Соғыстың осы кезеңі туралы Совет Одағының Батыры Ф.М.Зинченко өзінің кітабында былай айтқан болатын «Берлин үшін болып жатқан ұрыстың ең ауыр түні 2-ші батальон жауынгерлеріне түсті. Ес жиып өзіне өзі келген гитлершілер Сименштрассе және темір жол жағынан бірінен соң бірі төрт рет шабуыл жасап, батальон бұл соққыға төтеп беріп, негізгі күштің өтуіне мүмкіндік жасады» деп айтылған. Әйтседе Рейхстагқа 150-200 метр қалғанда басыма оқ тиіп ауыр жарақат алдым. Екі медбикенің мені ұрыс даласынан әкетуіне үзілді-кесілді қарсы болып, жауапкершілікті өз мойныма алып, Жеңіс жалауын соңғы сәтке дейін алып жолды ашып бұйрықты орындадым, Рейхстагқа жасалған тіке шабыуыл 26 сәуірден 30 сәуірге дейін жалғасты, 30 сәуір күні түсте № 756 полктің барлаушылары М. Егоров пен М.Кантарияның Рейхстагқ мұнарасына Жеңіс туы тікті. Полк кезекті шабылуға шықтық әдеттегідей «Ура», «Алға», деудің орнына «Даешь Берлин» деген дауыстар шықты. Қиян-кескі ұрыс осы жерде басталды, взводты тастап кете алмай, госпиталға 8 айдан соң емделдім. Соғыс біткен соң Берлинде офицер ретінде 1946 жылға дейін қызмет атқардым. 1947 жылға дейін Москва қаласында қызмет атқардым.
Әсет Кемпіреков атамыздың көзі тірісінде 23.02.2006 жылы Аудандық архив мекемесіне келіп жеке тектік құжаттарын өткізіп өмір баянын естеліктерімен бөлісіп жеке тектік құжаттарын әкеліп өзі тапсырып, ауданымызда архив мекемесінің ашылғанына бірден –бір қуанған абыз ақсақалымыз еді. Әсет Кемпіреков Ұлы Отан соғысының ардагері «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ ССР ағарту ісінің озаты, республиканың еңбек сіңірген мұғалімі, республикалық дербес зейнеткер.