ЖАУЫНГЕР ДӘПТЕРІ

image_pdfimage_print

Бұл күндері бүкіл еліміздегідей облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері де Ұлы Жеңістің 30 жылдығы мерекесін жан-жақты әзірлікпен қарсы алу жақтарын қарастыруда. Сөйтіп сұрапыл соғыс жылдарынан қалған ескерткіштерді, қызықты деректерді жинастырып, іздестіруде. Атап айтсақ музейдің Ұлы Отан соғысы бөліміндегі тематикалық экспозиция құнды жаңа экспонаттармен толықтырыла түсуде. Оған әскери киім-кешек, ыдыс-аяқ, сол жылдардағы сақталған заттар, жауынгерлер хаттары қойылуда.
Ұлы Жеңістің қарсаңында музей қызметкерлері облысымыздың түкпір-түкпірлеріне жиі командировкаға шығып, қызықты деректер, отты жылдар шежіресін баяндайтын материалдар жинастыруда. Осы мақсатпен мен де жуырда жолға шықтым. Бағытым – Луговой ауданының Жамбыл атындағы колхозы. Келген бетте колхоз председателі Қ. Еркінбаев, партия ұйымының секретары Т. Сембаев, селолық Советтің председателі А. Спанәлиевке жолықтым. Оларға келген мақсатымды айттым, ойдағы жайды ортаға салдым.
– Колхозымызда Ұлы Отан соғысына қатысқандар да, тылда ерлік еңбек шежіресін шерткендер де табылады, – деді председатель Қ. Еркінбаев.

– Алдымен осындағы Мамыралы Сейдібаев ақсақалмен кездескеніңіз жөн. Мәкеңнен ол жылдарды жақсы білетін ешкім жоқ. Сондай-ақ ол соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан нагыз жауынгер, – деп сөзімізге селолық Советтің председателі Спанәлиев араласты.
Кешкі уақыт… үй-іші, бала-шағаның айқай шуына толы. Төр алдында отырған ақсақал көзіне көзілдірік киіп, газет, журнал оқу үстінде. Бізді көрген бойда орнынан тұрып, «төрлетіңіз» деп ілтипат білдірді. Селолық Советтің председателі мені таныстырып, келген жұмысымызды айтты. Мен ақсақалдан өткен күндердегі отты жылдардың естелігін айтып беруін сұрадым.
– Басымнан кешкен, көрген-білген уақиғаларымның көбін мына жауынгерлік қойын дәптеріме жазып, күні бүгінге дейін көзімнің ағы мен қарашығындай сақтап келіп едім. Осы бір «тар жол, тайғақ кешу» кезінде төс қалта есебінде сақтаған жауынгерлік қойын дәптерімді облыстық музейге Жеңіс күнінің 30 жылдық мерекесіне арнап тарту етем, жастарға үлгі-өнеге болсын, – деп ол дәптерін маған ұсынды.Қойын дәптердің авторы № 385 танк полкінің 3 гвардия танк армиясы бірінші Украин майданының батальон командирі лейтенант М. Сейдібаев. Ол Отан соғысында елі үшін күрескен қаһарман жауынгерлердің бірі. Соғыстың тақсіретін көзбен көріп, бастан кешкен жауынгер өз қолжазбасында дауылды жылдарды шыншылдықпен еске салады, жауынгерлердің Отанына деген шексіз сүйіспеншілігін, ел-жұртына жолдаған сәлемін, Жеңісті аңсаған арманын жазады.
Енді осы жауынгерлердің қойын дәптерінен үзінділер келтірейік:
Фашисті қиратамын, келер күшім,
Кек жолы жүрегімде, қайнайды ішім.
Көз көріп, жыртқыш аңмен қарсылассам,
Мен емес бір ажалдан қорқар кісің.
…Дамылсыз оқ жаудыртып, жатыр атып,
Оқ тиіп, қозғала алмай қалдым жатып,
Сандалып, есім кетіп әлсіредім,
Аязда қызыл-ала қанға батып.
Қиналып әрең астым ағаш-талды.
Әйтеуір оқ жауған жер артта қалды.
Кез келіп, бір азамат орыс жігіт,
Көтеріп, шанасына салып алды.
Мен емес, жолдан тағы бесеуді алды.
Айналып біздер үшін түнге қалды.
Суықта қабақ шытып, бір қиналмай,
Алтауды санчастіге әкеп салды.
…Жазылып 45 күнде қаяусыз боп,
Соғысқа тағы аянбай қадам қойдық.
Тағы да алда көрген тамашамды,
Айтармын жөні келсе үлкен тойда.
Жауынгердің қойын дәптерін оқи отырып, Отанын сүйген азаматтардың қаһармандық ісіне сүйсінесің. Қайта-қайта оқи бергің келеді. Жауынгер дәптерінің авторы ешқандай ақын, жазушы да емес, қарапайым есеп қызметкері. Оның көзбен көрген оқиғалар мен жүректі жарып шыққан асыл ойларды толғаған дәптері музейдің құнды экспонаты болды.
Б.Шыңғысбаева, облыстық тарихи – өлкетану музейінің директоры. ЕҢБЕК ТУЫ №52 4-бет, 14.03.1975 ж

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған