ЖАМБЫЛДЫҚТАРДЫҢ ТЫЛДАҒЫ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ ЖӨНІНДЕГІ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

image_pdfimage_print

Оқи отырыңыз…
75 жыл-75 дерек:
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫ ЖАМБЫЛДЫҚТАРДЫҢ ТЫЛДАҒЫ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ ЖӨНІНДЕГІ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Архивтің сарғайған құжаттарын ақтарған сайын жаңа деректерге тап болатыныңыз анық. 282 қордың 1-тізбесіндегі 338-істің 22-қорабындағы 30-35 беттерінде мынандай деректер бар: 1941 жылдың соңында облыс бойынша қорғаныс қорына облыс еңбекшілерінен 2497 мың сом, 3522 мың сом облигация, 437 мың сом займ, 7282 центнер астық, 1017 центнер ет… осылайша сүт, май, жүн, мақта, картоп, көкөніс, алма, бақша дақылдарын аударды деп, жалғасып кете береді. Аудандар бойынша: Шу – 363 мың сом, Сарысу – 33 мың, Свердлов – 65 мың сом … деп қорғаныс қорына аударылған қаржы туралы да мәліметтер жеткілікті.
Мәселен 1942 жылдың 20 қаңтарында ұлттық әскери бөлімшелер жасақтау қорына барлық аудандардан азық-түлік жинастырғаны жөнінде құжатта мынандай деректер келтірілген. Облыс бойынша осы қорға 48,926 тонна астық, 14,1 тонна ет, 15,24 тонна май; 152,042 тонна шөп, 119,573 тонна сабан, 313,99 тонна картоп, 154,78 көкөніс, 1,8 тонна күріш жіберілген. Сонымен бірге Москваны қорғауда ерекше ерлігімен көзге түскен Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталған 8-гвардиялық дивизияға сыйлық ретінде осы күні 42,402 тонна астық, 46,2 тонна ет, 2 тоннадан аса күріш, 1 тоннаға жуық сұлы жіберілген. Сарғайған қағаздарды ақтарған сайын майданға және азат етілген қалаларға сыйлық жіберу дәстүрі берік қалыптасқанын көруге болады. Мәселен 22 мамыр күні 41 тонна ет, 29 тонна қант, 24 тонна ұн, сары май, темекі жіберілген.
Сонымен бірге 18000 сом ақша жиналған. Қызыл Армияның құрылған күні құрметіне ақша, киім-кешек, сәлемдемелер жиналғаны туралы да деректер жеткілікті. Тек осы күні Луговой ауданының тұрғындары 30 қорап сәлемдеме жіберген. Облыс бойынша 10 тонна ұн, 8,5 тоннан ет, 723 килограм қант, 3 тоннадай күріш, 310 килограм сары май, 25 килограм шұжық тағы да басқа заттар жіберілген. Бір ғана Сарысу ауданы 1941-1942 жылдары Қызыл Армияға 42000 тоннадай астық, 10000 тоннаға жуық арпа, 400 тоннаға жуық шөп, 816 тонна ұн жөнелткен. Олардың сыйлықтарын 8-гвардиялық дивизия жауынгерлерімен бірге майдан даласындағы көптеген әскери бөлімшелер алды. Сарысу ауданының сол кездегі хатшысы Көкеевтің жоғарыға жолдаған ақпарында дайындалған азық-түлік пен киім-кешекті кім, қашан, қай жерге жеткізгені жөніндегі де деректер бар. Мұндай деректерді үздіксіз, ұзақ келтіре беруге болады. Осы цифрлардың артында қаншама еңбек жатқанын түсінесіз де, алдыңғы толқын аталар мен апаларымыздың өзектері мықты екенін білесіз. Олар өмірі бітпейтін жұмыстан шаршамай, шалдықпай қалт еткен сәтінде майдан үшін азық-түлік, киім-кешек жинауға уақыттарын бөлді.
Негізі: Жамбыл облысының мемлекеттік архиві, «Мәңгілік ерлік» кітабы;


You may also like...