Жамбыл жеріне жер аударылған дәрігерлер

image_pdfimage_print

Қоғам, билік пен мемлекет құрылысының тарихында сан ғасырлардан бері түрлі басқару әдістері болды. Алғашқы құрылған мемлекеттер көршілес елдерді, кішігірім тайпаларды өз құрамдарына кіргізу мақсатымен, оларды күштеп жаулап алып, зорлық көрсету арқылы бағындырған. Ондағы мақсат біреу ғана – басқыншы елдің жеке мүддесіндегі пайдасы. Сондықтан да басып алған елдерді тек күшпен ұстап отыру мүмкін еместігін ұққан басқыншы мемлекеттер халық рухын жаншудың айлалы, азапты басу тәсілдерін түрлендіріп, қайта-қайта жаңартып жатты.

Біздің қазақ елі де сондай жаншуды көп көрген халықтың бірі. Әсіресе, совет өкіметі орнағаннан кейінгі «сталиндік социализмнің» тарих бетінде қалдырған ақатаңдақтары әлі күнге дейін өлшеусіз. Оның көрінісі өткен ғасырдың 20-40 жылдарында ерекше көрініс тапқан. Жаппай репрессия мен үркіту, түрмелер мен қатаң тәртіптегі лагерлер пайда бола бастады. Халықтың қаймақтарын қалқып интеллигенцияны қуғындауға ұшыратты.

Қазақ даласындағы «сталиндік» алғашқы қысым жалпыхалықтық санақ өткеннен кейін-ақ бірден басталып кетті. Яғни, 1927-1928 жылдары жоспарлы түрде қазақтың ірі байларын, ақсақалдарын тәркілеп туған жерінен шалғай жаққа жер аударды. Оларды халықтың санасын жаулауда кедергі келтіреді деп, саяси негізде қауіпті санаған. Жерінен, малынан айырып, күллі қазақты аштыққа итермеледі. Бұдан кейін де жаппай жер аудару, ату, қудалау, тәркілеу лек-легімен, кезең-кезеңімен ауыр халде жүріп жатты.

Қазақ зиялыларымен қатар, өзге де СССР-ді мекен еткен ұлттар да ажал тырнағына ілікті. Дәрігерлер, суретшілер, мемлекет басшылары, ғалымдар, жазушылар, ақындар, өнер, білім қызметкерлері, тағы да басқа түрлі сала өкілдері «халық жауы» болып, лек-легімен Қазақстанға күштеп (депортация) жер аударылды. Көптеген өнеркәсіп орындарында сотталғандар мен күштеп еңбекке жегілгендер жұмыс істеді. Олар үнемі құзырлы мекемелердің бақылауында болды. Бірақ қазақ оларды жатсынбады. Олармен барын бөлісті.

Бұл туралы Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің облыстық, аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің 1930-1940 жылдардағы құжаттарымен жұмыс жасау барысында тағы да тағы да көз жеткіздік. Онда аудандық дәрігерлік учаскелерде қызмет атқарған дәрігерлердің тізімі сақталыпты. Тізімдегі кісі аттары негізінен сырттан келген азаматтар екені бірден аңғарылды. Олар туралы тереңірек іздестіре бастағанда, расында біразы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, біздің елге жер ауып келгені анықталды. Сондай азаматтардың бірі – Ржезников Марк Соломонович. Ол 1930 жылы Жамбыл облысының Билікөл маңындағы «Скотовод» колхозына жіберіліп, Талас аудандық Ақкөл медицина пунктінде дәрігерлік қызметін атқарды. Архивтен анықталған құжатта тек Мәскеуден дәрігер келе жатқаны туралы қысқаша хабар берілген. Ал М.Ржезниковтың саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны туралы туралы интернет желісіндегі ашық тізімнен анықтадық. Кейіннен сол интернет желісіндегі ақпараттарды саралай келе Сухобузим аудандық «Сельская жизнь» газетінің 2013 жылғы сандарының бірінде «Ссыльных врачей до сих пор помнят» атты мақалаға көзіміз түсті. Онда журналист Марк Ржезников туралы азды-көпті ақпарат беріпті. Тіпті сол жердегі аудандық ауруханада жұмыс жасаған тұсында ұжымымен бірге түскен суретін де тапқан. Алайда бұл дәрігер туралы іздестірген деректері сонымен аяқталыпты. Біз одан әрі зерделей келе Мәскеулік дәрігер Юрий Викторович Шапироның 2006 жылы жарық көрген кітабының электронды нұсқасын таптық. Онда өз әкесінің жер аударылуы туралы жаза отырып, онымен бірге қызметтес болған, қуғынға ұшыраған өзге де «еврей» дәрігерлер туралы еске алады. Ол Марк Ржезниковті өте қабілетті ота жасаушы уролог дәрігер болғанын жазыпты. Заманында Мәскеуде беделді болған дәрігер Марк «троцкийдің» идесын қолдады деп алғаш 1927 жылы қуғынға ұшырап, түрмеге жабылған. Түрмеден шыққаннан кейін оны шалғай аймақтарға жер аударған. Өз жазасын өтеп болғаннан кейін де бірнеше рет сотталғаны үшін қудаланыпты. Өзінің түбі ақталарына сенген болуы керек, 1950 жылдары Мәскеуге қайта оралудың амалын жасап, қала маңындағы аудандық ауруханада біраз жұмыс істеген. Сол кезеңі жоғары да аталған мақаладан көрініс тапқан. Ақталып, Мәскеуге оралғаннан кейінгі тағдыры біз үшін беймәлім.

Облысымыздағы медицина саласында 1930-1940 жылдары қызмет атқарғандардың тізім арасынан қуғынға нақты ұшыраған тағы да 5 дәрігер бар. Олар: Талас аудандық Ақкөл дәрігерлік участкесінде қызмет атқарған Смоленск медицина институтының түлегі Иван Сергеевич Рябиков, Жамбыл ауданы Билікөл ауылдық дәрігерлік участкесінде дәрігер болған Петр Иванович Добротворский, 1934 жылы Қазақстанға жер аударылып, 1939 жылы Жамбыл облысы малярия ауруына қарсы күрес станциясына меңгеруші болған Борис Леонидович Иванов, облыстық аурухананың терапия бөлімін басқарған Иван Павлович Воскресенский. Бұлардың біразы белгіленген жазасын өтеп болған соң, туған жерлеріне қайтты.

Бұл саяси қудалауға ұшыраған біз анықтай алған бірнеше дәрігердің ғана тағдыры. Ал олардың нақ санын анықтау көп ізденісті талап етеді. Шынында олар жер аударылып Қазақстанның түкпір-түкпірінде жағдайы жасалмаған медициналық пункттерде қызмет көрсете отырып еліміздің медицинасының дамуына өз үлестерін қосты. Қазақ даласында қалыптасқан халық емінің ерекшеліктерін, көнеден келе жатқан әдіс-тәсілдерін үйреніп, оларды жетілдіре түсті.

Архив құжаттарын сараласаң, бір тақырыптан екінші бір тақырыпқа ауысып, өзге деректің анықталып жататын сәттері аз емес. Бүгінгі жазып отырған мәліметіміз де сондай ізденістің бір көрінісі. Себебі өлкеміздегі медицинаның даму тарихына нақты архивтік мысал іздеген біз, саяси қуғын-сүргін құрбандары болған дәрігерлер туралы мәліметтерге жолықтық.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жыл сайын әдетте айналдырып бір тақырыпты айтатынымыз бар. Алайда оны жілігіне жіктеп зерттеу, бір хабарды дайындау үшін дер кезінде дерек табу өте қиын. Оған ыждаһаттылық, шыдам және ізденіс қажет. Себебі біздің білмейтініміз әлі де көп.

You may also like...