«ЖАМБЫЛ ЖЕРІНЕ КҮШТЕП ЖЕР АУДАРЫЛҒАНДАР МЕН ҚОНЫСТАНУШЫЛАР» АТТЫ ҚҰЖАТТАР КӨРМЕСІ

image_pdfimage_print
            Тағдырдың талайымен қазақ жеріне еріксіз жер аударылып келген сан түрлі ұлттың бір шоғыры Жамбыл жеріне қоныстандырылды. Облыстық архивтің құжаттарында 1941 жылы 21 мың шешен, болгар мен ингуштар, Ленинград облысынан 30 мыңға жуық фин ұлтының өкілдері, 9 727 қарашай, 3 мыңдай әзірбайжан мен күрдтер, 4 407 гректер күштеп көшірілгенін дәлелдейді. Қазіргі кезеңде Жамбыл облысында өмір сүріп жатқан 87 этнос өкілдерінің басым көпшілігі – Кеңес дәуірінде депортацияланғандар. 1934 жылдың 8 наурызында Бессарабия жерінен Қырым көтерілісіне қатысты деген айыппен әйел коммунарлар тобы мен балалары, барлығы – 413 адам (100 ересек адам, 113 бала және баспанасыз 200 адам) Әулиеата жеріне күшпен көшіріліп орналастырылды.
Жамбыл облыстық комитет хатшысы Ткаченкоға жолданған анықтамада 1939 жылдан бастап қабылданғандардың барлық саны 21 810 адамды құрайды. Олар шешен, болгар, біршамасы ингуштар, оның ішінде 5 493 ер адам бар, әйелдер саны – 6 170, ал 16 жасқа дейінгі балалардың саны 10 147 болды. 70-ке жуық ата-анасы жоқ балалар келген, бірақ оларға қарап қамқор болатын қастарында үлкен кісілері бар” делінген.
Жамбыл жеріне финдер де көшірілген. 1941 жылы Свердлов ауданына (қазіргі Байзақ ауданы) жер аударылған фин ұлтының азаматтарын орналастыру бойынша өткен кеңестің хаттары бар. Онда жер аударылғандар үш теміржол станциясынан күтіп алынады делінген. Олар Жамбыл станциясынан – 1 075 адам, Үшбұлақ станциясынан – 1 465 адам, Ақшолақ станциясынан – 960 адам. 5 қыркүйек күні аудандық кеңестің атқару комитетінде дайындық түсіндіру жиналысы да өткен.
1938 жылдың 12 желтоқсанында қазіргі Тараз қаласы, сол кезеңдегі Мирзоян қаласына күрділердің эшалоны жетеді. Архив деректері бойынша 1938 жылы 5 қарашадағы құжатта күрді және армян жер аударушыларын Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын қазіргі Жамбыл облысының Меркі ауданының колхоздарына 90 отбасын мал шаруашылығына, 40 отбасын қант өсіру шаруашылығына бөлсе, Жамбыл ауданына 110 отбасын, Жуалы ауданына 90 отбасын және 95 отбасын Свердлов (Байзақ) ауданына қоныстандырған. Сондай- ақ, сол кезеңде Алматы облысына қарайтын Қордай ауданындағы колхоздарға 305 отбасы бөлініп, Қарақұндыз совхозына – 80, Қаракемер ауылына – 25, Успеновкаға – 30, Благовещенкоға – 40, Георгиевский совхозына – 60, ЧуСтрой совхозына – 50 жанұя және тағы басқа да елді мекендерге бөлінеді. Күрдтердің келесі бөлігі – 20 отбасы Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандарына орналастырылады.
1940 жылы Харьков қаласынан Қазақстанның Жамбыл облысына 1424 адамнан құралған 328 поляк отбасы көшірілді. Оларды көшіру процесі кезінде Жамбыл облысы бойынша көшіру бөлімдері құрылған (переселенческий отдел). Облыстық архивте арнайы қор да бар. Онда поляк ұлтын көшіру, жергілікті жерлерге орналастыру, оларды азық-түлікпен, жұмыспен, киім-кешек және т.б заттармен қамтамасыз ету туралы құжаттар сақталған.
Аудандық архивтердегі мәліметтерде мысалы, Талас ауданының орталығы Ойық ауылына қоныс аударылған өзге ұлт өкілдері 1930 жылдары алдымен осында қоныстандырылған. Атап айтқанда, «Кеңес» совхозында Еділ өзенінің жағасындағы орыстар, «Ойық» совхозына немістер, «Тамды» совхозына кәрістер, «Ақкөл» совхозына немістер мен орыстар, «Қасқабұлақ» (Қаратау совхозының бөлімшесі) күрділер, «Шолақтауға» (бүгінгі аудан орталығы Қаратау қаласы) гректер, немістер, орыстар қоныстанды. Бүгінгі күні осы ауылдық округтерде өзге ұлт өкілдерінің қорымдары да сақталған. Күрді ұлтының өкілдері әлі күнге дейін «Қасқабұлақ» ауылы мен Қаратау қаласында, Сарысу ауданының «Арыстанды» ауылында ұрпақтары әлі күнге дейін тұрып жатыр.
Сол секілді Т. Рысқұлов ауданы «Ақыртөбе» станциясына да 1940-1941 жылдары шешен және қарашай ұлттарының өкілдері күштеп қоныстандырылған. Қазіргі таңда аталған халықтардың зират орындары «Ақыртөбе» елді мекенінің батыс бөлігінде орналасқан. Сонымен қатар, шешен халқының жерлеу орындары «Тереңөзек» ауылдық округіне қарасты «Көкарық» ауылының оңтүстік-батыс бөлігінде жатыр. Яғни, 1940-1950 жылдардағы зират орындары бар. Және «Құлан» ауылында шешен ұлтының, «Абай» ауылында қарашай ұлтының жерлеу қорымдары әлі күнге дейін сақталған.
Қордай ауданы бойынша да арнайы қоныстанушылары туралы мәліметтер бар. Онда оларды арнайы қоныстанушылар яғни «переселенцы» деп атап көрсеткен. Олар жергілікті колхоз, совхоздарда қызмет атқарған.
Жуалы ауданына 1938 жылы Жаңаталап ауылына кәрістер, Көлбастау, Шақпақата, Кременев ауылдарына әзірбайжан, күрділер, ирандықтар, 1939-1940 жылдары ауданның барлық ауылдарына немістер, 1940-1942 жылы Шақпақата станциясына поляктар, 1938-1943 жылдары Қошқарата ауылына шешендер орналастырылды.
Жер аударылған ұлтар өкілдерінің тұрмыстық ахуалы төмен болды, оларда азық-түлік, тұрғын үй, киім-кешек жағы тапшы еді. Күн райының суықтығынан, аштықтан, түрлі жұқпалы індеттерден келген залалдан адам шығыны да көп еді. Бертін келе, 1956 жылы ғана депортацияға ұшырағандарды ақтап алу жұмыстары басталып, қоныс аударылған халықтар өміріне оң өзгерістер ене бастады. 1955-1956 жылдары арнайы заң қабылданып, олардың құқықтық шектеулері алынды. Жамбыл жеріндегі өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына қайта бастады.
Қорытындылай келе, екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында жалпы Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы өзгеріске түсті. 1920-21 және 1932-33 жылдардағы аштық қазақ халқының санын азайтты. Соғыс алдындағы ұлттық зиялы қауымға жасалған репрессия, түрлі ұлт өкілдерін Қазақстанға көшіру үшін жасалған депортация үрдісі қазақ ұлтына жасалған қиянат болды. 1941 жылға дейін Жамбыл облысына түрлі саяси себептермен күрд, кәріс, поляк, неміс, иран, әзірбайжан, армян, украин, фин, түрік этностары мен этникалық топ өкілдері депортацияланды.

You may also like...