Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына аттанғандар қанша?

image_pdfimage_print

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысы жылдары майданға аттанғандар қанша?

Жамбыл облысының Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің 2010 жылы 26 ақпанда Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатына жолдаған ақпарында мынандай деректер келтіреді: Ұлы Отан соғысына біздің облысымыздан 41 453 азамат аттанған. Жамбыл қаласынан майданға шақырылғандар 14 701. Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл облысынан шақырылған азаматтардың 15 536-сы майданда қаза тауып, 17 639 із-түссіз, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.

Майданға 1943 жылдың 1 ақпанына дейін Жамбыл облысынан қанша адам алынғаны туралы ресми ақпарат архивте сақтаулы. Сол құжатта Қызыл Армия мен өнеркәсіп пен транспортта еңбек ететін жұмысшы колонияларына 53 268 адам алынды делінген. Оның ішінде: Жұмысшы Шаруа Қызыл Армиясының қатарына 1942 жылдың 1 тамызына дейін жұмысшы колонияларына жіберілгендерді қоса есептегенде 37 296 адам алынғандығын, 4 746 адам жұмысшы колонияларына алынғандығын айтады. Сонымен бірге осы құжатта 1922-25 жылдары туылған әскер қатарына шақырушылар саны 10 957 адам екендігі де жазылған.

Осы деректерді және 1943-44-45 жылдары Қызыл Армия қатарына жыл сайын орта есеппен 1 000 адамнан алынып отырылғанын айтатын болсақ (мәліметтерде осы дерек келтірілген) және 1938-1940 жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылғандарды қосқанда майданға 50 мыңдай жамбылдықтар қатысты деп айтуға болады.
Осындай мәліметтерді біз жекелеген аудандардың әскери комиссариаттарынан да алдық. Олардың ақпары бойынша Ұлы Отан соғысына Шу аудандық әскери комиссариатынан 5014 адам әскерге алынған.

Жуалы ауданынан 1 788 адам ауылдық округтар бойынша майданға алынғанын қорғаныс бөлімі айғақтайды. Алайда соғысқа жуалылықтар Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы алынғанын айтатын болсақ, бұл мәлімет нақты емес. Мәселен Мыңбұлақ орта мектебінде Ұлы Отан соғысына арналған тақтада ауданнан майданға 2005 адам кетті делінген.
Меркі және Луговой аудандарынан Ұлы Отан соғысы жылдарында Меркі аудандық комиссариатынан 12 024 адам майданға аттанған. Ол кезде Луговой ауданында әскери комиссариат болмаған.

Қаратау қаласының Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімі Ұлы Отан соғысына Сарысу және Талас ауданынан 3 449 адам майданға аттанған делінген деректер бар екенін айғақтайды.

Байзақ ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша бұл ауданнан Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын қорғауға 3 341 адам алынған. Қордай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мәліметі бойынша ауданнан майданға 9 195, бұрынғы Красногор ауданы бойынша 1 589 адам майданға шақырылған.

Біз келтірген кейбір деректерге сенімсіздік келтіретіндер де табылуы мүмкін. Алайда бұл деректер әскери комиссариаттар, архивтің партия құжаттарындағы мәліметтерге негізделгенінін тағы да еске саламыз. «Ұлы Отан соғысы жылдары 100 мыңнан аса жамбылдық майданда шайқасты» деген деректің анық емес екендігін сол кезде облыста тұратын халық саны да теріске шығарады. 1940 жылдың 1 ақпанында Жамбыл облысының халқы 321 мыңнан аспайтын. Нақтырақ айтатын болсақ: Жамбыл қаласында – 62 723, Жамбыл ауданында- 31 375, Меркіде – 40 468, Сарысуда – 12 132, Таласта – 17 975, Свердловта – 24 579, Луговойда – 23 304, Қордайда – 36 213, Шуда – 45 389, Красногорда – 14 166, Көктеректе – 12 116 адам тұрған. Демографтардың есебі бойынша әрбір бесінші адам ғана майданға алынуы мүмкін. Осы және Ұлы Отан соғысына дейінгі 1938, 1939, 1940 жылдары, сонымен бірге 1943, 1944, 1945 жылдары Қызыл Армия қатарына алынғандарды қосқанда шамамен біздің облысымыздан соғысқа қатысқандар саны 50-70 мыңның айналасында деп топшылауға болады.

Ал 100 мыңнан асу себебі – соғыстан кейін біздің өлкеге түрлі себептермен қоныс аударып, осында қызмет еткен, тұрған және осында жерленген майдангерлер көп.

You may also like...