«Жаңғырудың – оң жолы» атты дөңгелек үстел болып өтті
13.04.2018 жылы Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түсіндіру бойынша «Жаңғырудың – оң жолы» атты дөңгелек үстел басындағы әңгіме өтті. Дөңгелек үстелді облыстық архивтің директоры Башенова Қалдыкүл Икрамханқызы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде 9 қаңтарда жарияланған Елбасының халыққа жолдауы бойынша сөз қозғады. Жолдауда жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтын 10 міндеттерді шешуге жұмылуымыз керектігін айтты.
Келесі сөз кезегі облыстық архивтің ардагері Мақұлбек Рысдәулет Қайыпбекұлына берілді. Ол өз сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі бойынша түсіндіріп берді. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет екендігін айтты. Сондықтан Елбасы «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынғандығын жеткізді. Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 процент қана салық салынатыны, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдетілгені туралы айтты. Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екендігін жеткізді. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік берілгендігін, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынатынын айтты. Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін архив қызметкерлері толық қолдады.