ТАРИХИ ӘДІЛДІК ОРНАТУ АРХИВТЕРДІ АШУДАН БАСТАЛАДЫ!

image_pdfimage_print
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің Қазақстан Рсепубликасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғажановқа еліміздегі кітапханалар мен архивтердің жағдай жайлы айтып, өзекті мәселе көтерді. Онда облыс орталықтарындағы архивтердің де жағдайы баяндалады.
ТАРИХИ ӘДІЛДІК ОРНАТУ АРХИВТЕРДІ АШУДАН БАСТАЛАДЫ!
Қазіргі кезде технологиялық жағынан алға кеткен елдер ғылымға ЖІӨ-нің 2,7-4,3% көлемінде қаржы бөледі. Оның 1% көрсеткіштен төмен болуы мемлекеттің ғылыми-техникалық қауіпсіздігі үшін қауіпті болып есептеледі. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылымға 0,16 пайыз қаржы қарастырылған. Бұл ең төменгі көрсеткіштен 6 есе төмен.
Кітапханалар мен архивтер – ғылымға бастайтын жол. Көптеген кітапханада кітапқа тапсырыс беру электронды түрде жүзеге асырылады. Кітапхана қорында сақталған кітаптар тұтастай толыққанды электронды тізімге енгізілмеген.Іздестіру жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Арнайы кілтсөздер арқылы іздеп табу қиынға соғады.
Ұлттық кітапханалар мен мұрағаттарда құжаттар мен жазбаларды сақтау ісіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Көне жазбаларды санитарлық нормаларға сай сақтамаса, көзге көрінбейтін әртүрлі паразиттер жеп қояды. Мұндай жағдайда түпнұсқаларын келешек ұрпаққа жеткізу қиындайды.
Eлордадағы Ұлттық архивке қарасты Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығын алайық. Орталық 2017 жылы ашылғанда Алматыдағы Кітап музейінен, басқа да облыстардағы кітапханалардан негізгі қор жиналған. Бізде шетелдегідей орталықтандырылған қолжазбалар мен сирек кітаптар қоры жоқ. Еліміздің әр аймағындағы кітапханаларда қолжазбалар мен сирек кітаптары бар. Солардың бәрін бір орталыққа жинап, неге үлкен ортақ қор жасамасқа?
Орталықтың қолжазбалар мен сирек кітапты сақтайтын жері өте тар. Қор көбейген сайын, ғимаратқа сыймай барады. Орталықтың ғимараты еуропалық талаптарға мүлдем сай емес. Орталықтың көрермендерге арнап дайындаған көрмесі де өте кішкентай. Кітап қоры көбейген сайын орталықта ғылыми сараптамалық топты ұлғайту керек. Мұнда 4 реставратор жұмыс істейді.
Бізде реставрация саласы да дамымаған. Заманауи техникалармен көбірек жабдықтау қажет. Реставраторларды арнайы даярлау ісімен бірге, олардың денсаулығын да ескеру қажет. Себебі қолжазбамен жұмыс істеу, оны реставрациялау денсаулыққа зиянды.
Аймақтардағы архивтердің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Құжаттарды қайда қоярын білмейді. Қазақстанда үлкен жүйелі кітап көрмесі жоқ. Негізі осы орталық аясында үлкен кітап көрмесін жасауға болады. Сонау Орхон-Енисей ескерткіштерінен бастап бүгінгі Тәуелсіздік жылдарына дейінгі бүкіл кітапты көрсететін көрме жасалмаған.
Шет елдердегі архив, кітапханалар өздерінің қорларын түгел цифрландырып жатыр. Бізде белгілі бір архивтер ғана өз күштерімен кейбір қорларды цифрландырды. Алайда көпшілігінің цифрландыру сапасы нашар. Цифрландырылған сирек қолжазбалар мен кітаптардың оқылуы қиын. Көшірменің сапасы да нашар, жүктеп алуға келмейді. Сондықтан кітаптардың оқылымын тегін етіп, бірақ жүктеуін ақылы етер болса, бұл олардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берер еді.
Aрхивтер мұндай мүмкіндікті әлі жасай қойған жоқ. Облыстардағы кей архивтердің сайты да жоқ. Шет елдердегідей архив құжаттарымен онлайн танысу мүмкін емес.
Пандемия кезінде Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Ресей архивтері өздерінің дүиелерін онлайн оқуға мүмкіндік жасады. Ал біздегі ғылыми жұмыстардың бәрі тоқтап қалды.
Сондықтан бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен
Білім және ғылым министрлігі бірлесе қолға алып, жетілдіруі керек.
Бізде советтік кезеңнен қатып қалған көптеген тыйымдар бар. Соның бірі – көшірмелер жасауға тыйым салу. Ал алдыңғы қатарлы дамыған елдер цифрландыруға баяғыда көшіп кетті. Сондықтан елімізде қолжазбалар, сирек кітаптар, басқа да құнды құжаттарды цифрландырып, халықтың қажетіне жарату қажет. Бұл мұрағат құжаттарымен жұмысты азайтып, іздестіру жұмыстарын жүргізу мәселесін жеңілдетіп, оның сақталуының кепіліне айналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ХХ ғасыр – «халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең» деп баға берген өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңына қатысты құжаттар әлі күнге дейін жабық тұр. Оларға тарихшылардың қол жеткізуі мүмкін емес. Жабық құжаттарды ашу, жариялау, жинақтау мәселесі тоқтап тұр.
Нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін жабық архивтердің ашылуына рұқсат берілген дұрыс. Президенттің тікелей тапсырмасымен, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Тарихи әділдікті қалпына келтірудің алғышарты жабық архивтерді ашудан басталады. Сонда ғана жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, кемел келешекке қол созамыз.
Құрметті Ералы Лұқпанұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған