Шәмші Қалдаяқов-90 РЕДАКЦИЯДАҒЫ КЕЗДЕСУ

image_pdfimage_print

Архивтің сөресіндегі сарғайған облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің 1987 жылғы тігіндісінен талантты композитор Шәмші Қалдаяқовтың редакциядағы кездесуін оқып таныстық. Қазақ саз өнерінің мақтаны Шәмшінің осы кездесуін оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдік.

– Менің творчествомда Жамбыл жері елеулі орын алады, – деп бастады өз сөзін Ш. Қалдаяқов. – «Мойымқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл» атты әндер осында шыққан. Ал жалпы өнер жолым жайлы айтар болсам, тұңғыш әнім – «Қаракөз» 1957 жылы жазылды. Содан соң «Қайықта», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың»… секілді әндер туа берді ғой..

Байқап отырсам, тек өз замандастарым туралы ғана жазып келіппін.
– Глинка «әннің бәрі халықтыкі, біз тек өңдеушіміз» деген ғой?
– Иә, ол рас. Мысалы, мен «Еркежанды» халықтық әуен негізінде жаздым. Төлеген Айбергенов екеуіміз Маңғыстауға барғанда шығарған «Ақ ерке Жайық» та солай болды.
– Сізге кімнің творчествосы ықпал етті?
– Мүмкіндігі болса, біреуге ұқсамауға тырысқан жөн. Мен ешкімге еліктеген емеспін.
– Ата-анаңыз, туған-туысыңызда өнерлі жандар бар ма еді?
– Болғанда қандай. Әкем Қалдаяқ анамды айтыста жеңіп үйленген екен.
– Қазіргі жас композиторлардың әндерін түсіну, қабылдау қиын. Металл сынықтарын бір-біріне ұрып жатқан сияқты үзік үндер шығады. Осы өткінші ме?
– Техникалық прогресс жақсы ғой. Бірақ, соның өзі кейбір дарынсыз жастарды сахнаға алып келген сияқты. Микрофон табиғи таланты жоқ адамның өзін әнші етті емес пе?! Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болар.
– Өз бойыңызда жастар үйренетін және жиренетін қандай қасиеттер бар деп ойлайсыз?
– Шымкент облысының Темірлан селосында Б. Тұрмағанбетов деген кісі тұрады.
Бірде дәл осы сұрақты соған қойған едім. Сонда ол сенің дүниеге, ақшаға қызықпайтының ұнайды деген болатын. Басқасын мынау деп басқа ұрып айта алмаймын.
– Болашақ творчествоңыз жайлы айтсаңыз?
– Жоғарыда ескерттім ғой, мен қай кезде де замандастарым жайлы жазып келе жатқан адаммын. Сол принципімнен таймаймын. Ойда жүрген жайлар көп, солар жаңа ән боп туатын шығар.
Қ. Байтуов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған