НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА
Ресей Социалистік Федерациясының Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесінің 1920 жылғы 20 наурыздағы бұйрығы.
Құжатта жазылғандай ол кезде орталығымыз Ташкент қаласы болған.
Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесі қаулысының келісімімен 1920 жылдың 22 наурызы бүкілхалықтық көктем мерекесі – “Наурыз” күні болып жарияланыпты.
Бұйрыққа Ресей Социалистік Федерациясы Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған.
Бірақ кейін Сталин мен Голощекиннің қолымен жасалған зұлмат пен нәубет жылдары бұл бұйрық ұмыт болған. Тіпті, Қазақстанға оң көзімен қарады дейтін Л.И. Брежневтің дәуірінде де Наурызымыз мемлекеттік деңгейде мерекеленбеді. Үй-үйде, оңаша өтті.
Тек Горбачев жылымығының соңғы жылдарында Ұлыстың ұлы күні еске алынып, мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Ал 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Н. Назарбаевтың “Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы” туралы Жарлығы шықты.
Содан бері Наурыз мейрамын Қазақстан Республикасының жұртшылығы бүкіл халық болып мерекелеп келеді.
Ұлыс оң болсын, ағайын!
Көсемәлі Сәттібайұлы,
“Жамбыл облысының мемлекеттік архиві” КММ-нің директоры.
Тараз қаласы.