НАРШАНЫҢ СӨЗІ – БАРШАНЫҢ СӨЗІ

image_pdfimage_print
Нарша Қашағанұлы тілі нәрлі, ойы нұрлы, сезімі сырлы ақын. Ақын өлеңдері мазмұны жағынан халықты адамгершіліке, парасатылық пен ізгілікке, адалдыққа тартуға арналған. Оның туған жер мен елге, ана тіліне арнаған рухты өлеңдері көптеген жыр сүйер қауымның жүрегінің төрінен орын алды. Сезімге толы махаббат тақырыбындағы жыр-шумақтары жастардың ұранына айналған. Оның өлеңдерінің біршамасына ән жазылып, ол әндерді танымал әншілер үлкен-үлкен сахна¬ларда шырқады. Олар «Хат жазып тұр», «Ұмыта алмайсың мені», «Рахмет, саған, туған ел» әндері. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді жергілікті облыстық филармонияның әншілерінен бастап, сонау аты аңызға айналған шоқтығы биік өнер иелері – МузАРТ тобына дейін орындайды.
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында қазақ поэзиясында өзіндік ізі бар, шоқтығы биік нартұлғалы ақын Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай «НАРШАНЫҢ СӨЗІ – БАРШАНЫҢ СӨЗІ» атты әңгіме-сұхбат ұйымдастырды.
Іс-шараға ақынның көзін көрген азаматтар – жазушы-журналист, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, Талас ауданының депутаты, ақын-сазгер Үміт Қыранқызы, облыстық филармонияның әншілері, Нарша ақынның шығармаларын елге танытып жүрген Бахыт Шағырбаев пен Мейіржан Самылтыров және Наршаның нар ұлдары – Нарбол мен Ербол шақырылып, ақын туралы тағылымды жақсы естеліктерімен бөлісті.
Әңгіме-сұхбат барысында сондай-ақ шақырылған қонақтар ақынның әндерін орындады, жырларын оқыды. Ал Талас ауданынан келген жас өрендер – Ікімәт Зәулім, Әштан Ақзере, Пәрімбек Ұлжан іс-шараға дайындаған ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Мекеменің қызметкері, айтыскер ақын Дидар Апбасов іс-шара соңында Нарша ақынға арнаған арнауын арнап, ел ықыласына бөленді.
Әңгіме-сұхбат соңын өлкеміздің дарынды әншісі Мейіржан Самылтыров Наршаның «Рахмет, саған, туған ел» әнімен қорытындылады.

You may also like...