Мамыражай мамырда дүниеге келген еді…

image_pdfimage_print

Бүгін – Мақанның, Мақұлбек аға Рысдаулеттің туған күні. Баспасөз және архив саласында өзіндік із қалдырған, аяулы азамат 71 жасқа толғанын атап өтіп жатар еді-ау. Былтыр қоңыр күзде жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік мекеніне аттанған еді. Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің ұжымы әріптес ағаны еске ала отырып, бірер ауыз сөз арнауды жөн көрдік.

Алатау мен Қаратаудың ортасында орын тепкен Жуалыдай жер жәннатында дүние есігін ашқан Мақұлбек аға сол өлкеде ер жетіп, азамат атанды. Журналистік мамандықты кәсіп етіп ғұмыр бойы осы салада тер төкті. Соңғы он жылында облыстық мемлекеттік архивінде жемісті еңбек етті. Тәжірибеде журналист осында архив сөресіндегі сарғайған тарих беттерінен бірнеше кітапты жарыққа шығарды. Онда Жамбыл өңірінің әр кезендердегі тыныс-тіршілігі, уақыт тынысы, замана лебі, жасампаз еңбек адамдарының өміршең тірліктері бейнеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезең, майдан даласында ерлікпен шайқасқан жамбылдық жауынгерлер, жеңісті жақындатуға жан аямай еңбек еткен тыл ардагерлері жайлы деректер мен дәйектерге сүйене отырып өңір шежіресіне өзіндік із қалдырған. Мақұлбек аға архив саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарға өзінің бай өмір тәжірибесімен үнемі бөлісіп отыратын. Олардың білікті маман болып қалыптасуына ақыл-кеңесін аямайтын. Рухани байлықтарының мол болуын қалайтын.

Былтыр Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай «80 жылға – 80 кітап» жобасын іске асырып, осы кітаптың дүниеге келуіне елеулі үлес қосты.
Табиғаттың түрленіп, жер дүниені жаңартатын мамыражай мамыр айының қайталанбас осынау ғажайып сәтінде өмір есігін ашқан Мақұлбек ағаның өмір жыршысы болуының бір сыры да осында жатқан шығар…

Жатқан жеріңіз жайлы, рухыңыз пейіште шалқысын!

You may also like...