Майдангерлер ерлігі – өнеге

image_pdfimage_print

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ізгілік» орталығында Тарих және әлеуметтік педагогика факультетінің профессор оқытушылар құрамы мен студенттерінің ұйымдастыруымен «Майдангерлер ерлігі – өнеге» атты патриоттық іс-шара өтті. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен адалдықты, ізеттілік пен ізгілікті, қамқорлық пен қайырымдылықты, батырлық пен батылдықты дарытатын іс-шара күй атасы Құрманғазының асыл мұраларының бірі де бірегейі «Балбырауын» күйімен ашылды.

Факультет студенттері тарихтан оқып-білген, естіген тарихи оқиғаларынан сұрапыл соғыс жылдарындағы кезді көрініс етіп құрды. Бірі батыр, баһадүр Бауыржан атамыздың кейіпіне еніп, жас ұрпаққа қалған отты сөздерін оқыса, енді бірі қазағымыздың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың кейіпіне еніп монолог оқыды.

«Салтымызды сақтап дəстүрімізді дəріптеп, арқаның төсінде арқамызды кеңге салып, тарихтан тағылым алып келеміз. Хəкім Абай бір еңбегінде:‘Адамзаттың бəрін сүй бауырым’,- деп жазады. Біз осы сөзді өмірлік ұстаным алуымыз керек. Біз осы принциппен өмір сүрсек ұтылмаймыз. Жалпы мен патриотизм жайлы сөз қозғамақпын. Патриот дегенде біздің көзімізге не елестейді? Бірімізге жалау,бірімізге əлемдік аренада алтыннан алқа таққан спортшыларымыз елестесе керек. Патриот дегеніміз – Отанын сүйіп, елінің тарихына тағзым етіп, мəдениетін атадан қалған мұрам деп қабылдаған адамға айтылса керек. Ұлтқа деген махаббат біздің көл-көсір сөзімізден көрі, ел үшін жасалған тарыдай ізгі ісімізден көрінеді. Өзінің халқын сүйіп,өзге елдің мəдениетін құрметтеген тұлға ғана патриот сөзіне лайықты. Отанды сүю иманнан…»,-дейді Тарих және әлеуметтік педагогика факультетінің белсенді студенті Бекзат Сапарбаев.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар да баршылық. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернтынан келген қонағымыз өзінің құнды ойымен бөліссе, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан келген қонағымыз облысымыздан майданға аттанған батыр бабаларымыз туралы статистканы студенттермен бөлісті. Факультет деканы Тоқбергенова Зағира Сүндетқызы жиынды қорытындылап, профессор оқытушылар құрамы мен студенттерге алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.

You may also like...