МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ МӘЙЕГІ ТАУСЫЛМАСЫН!

image_pdfimage_print
Мәдениет деген ортақ сөзді әр сала өзіне қарай тартқылайды. Олары дұрыс енді. Бірақ халқының арғы-бергі шерін ақтара айтып кеткен Шерхан Мұртаза көкем: “Мәдениеттің мәйегі – кітап” деп кетіпті.
Ал ата-бабаларымыз бізден де өткен мәдениетті, бізден де өткен талантты болған. Ауыз әдебиетімен-ақ азуын айға білеген.
Ән мәдениетімен, сән мәдениетімен, күй мәдениетімен, би мәдениетімен, одан қалса көсемдігімен, шешендігімен (басқару һәм сөйлеу мәдениеті) тағдыр айдап келген талай жиһанкездерді таңғалдырған.
Потанин, Радлов, Затаевичтер (т.б. толып жатыр) бұл туралы жазудай-ақ жазды.
Олардан бөлек сахна өнері, сурет өнері, сәулет өнері, қол өнері, ат баптау өнері, салт-дәстүрі, ас мәзірі, ырымы мен тиымы, сауыт-саймандары мен ат әбзелдеріне дейін тұнып тұрған мәдениет.
Киіз үйі мен оның ішіндегі өрмектері мен өрнектеріне, киіз туырлығы мен кереге, уығына, шаңырағына қарап тұрсаң – бәрі мәдениет. Қырда қалқиып тұрған төрткүл бұрышты мазары мен қылуеттеп қазған қабіріне дейін мәдениеттен хабар береді әуелі.
Бірақ бізді кешегі “қызыл саясаткерлер” мешеу ел деп кемсітті. Мешеу болсақ… Ақорда, Алтын орда қайдан шықты? Бөкей ордасы ше? Жеті ғасыр арыдан басталатын жыраулық өнеріміз қайдан бастау алды?
Қорғандардан табылып жатқан алтын әшекейлер ше? “Алтын адам” аталып кеткен кіл алтынан жасалған ханзада киімі ше? Бүгінгі шеберлер дәл солай жасай алар ма екен? Әй, қайдам!
Дегенмен…
Мәдениет саласындағы жоғалтқандарымызды іздейтін, шашылғандарымзды жинайтын, көнергендерімізді көркем кестелеп, қайта жаңғыртатын жұмысымыз көп.
“Дүниені сақтайтұғын – сұлулық” деп жазып кеткен кісі, осы сөзді айтқанда, сол сұлулықты бір арнаға топтастыратын
МӘДЕНИЕТ
деген маңғаз ойының бір жерінде тұрған шығар-ау!
Мәдениет пен өнер қызметкерлері! Мерекелерің құтты болсын!

You may also like...