Мәдениет – қоғам айнасы

image_pdfimage_print

Мәдениет пен өнер – адамзат баласын өркениетке жетелеп, саналылық пен парасаттылығының көрінісіне айналған. Мәдениетсіз адам – тәрбиесіз, білімсіз адам деп саналады. Расында әрбір жанның мәдениеті – ішкі әлемінің айнасы. Адамзат баласы пайда болғалы онымен бірге оның мәдениеті, өнері де дами бастады. Оған сан ғасырлар да куә. Алғашқы адамдар тау-мен тасқа көрген-білгенін ойып сурет салудан басталған өнерге деген сүйіспеншілік замандарды өткере небір таланттарды дүниеге әкелді. Бүгінде бүтін бір қоғамның ілгері не кейін кетуі де осы мәдениетінің дамуына, қалыптасуына байланысты. Жеке адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті. Қоғамсыз адам немесе адамсыз қоғам болмайды.

Дүниеге келген баланы мәдениетті адам етіп тәрбиелеудің маңызы ерекше. Адамға ең қиыны — адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауы. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен адамдық қасиеттерін өзінде қалыптастырады. Өнерлі, мәдениетті адам – қастандықтан, жауыздықтан алшақ келеді. Содан да болар мәдениет саласының қызметкерлері – жан дүниесі бай, ерекше жандар.

Қай халықтың өнері биік болса, сол халықтың рухы да жоғары болатынын өркениетті елдердің үрдісінен аңғарамыз. Мәңгілік еліміздің өлшемі болатын тілімізді, дінімізді, салт-сана мен дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халықтың рухани дүниесін жаңғыртып-байытуға, мәдениеті мен әдебиетін тануға өлшеусіз қызмет ететіндер мәдениет қызметкерлері. Сондықтан да олардың құрметіне 2013 жылдан бастап елімізде ресми түрде 21-мамыр – Мәдениет және өнер қыз¬мет¬керлері күні ретінде жыл сайын аталып өтеді. Осы күні мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне жылы лебіздер мен алғыстар айтылады, өйткені рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор.

Жамбыл облысы мәдениет басқармасының тарихы – сонау 1944 жылы облыстық атқару комитеті жанынан «Мәдениет бөлімі» ретінде құрылғаннан басталады. Оған дейін өлкелік Білім бөліміне қарасты болып келген бұл сала, 1953 жылы ғана облыстық Мәдениет басқармасы болып құрылды. Өңірімізде мәдениет пен өнер саласының дамуына сол кездерден бері осы салада басшылық қызметтер атқарған көптеген алдыңғы буын аға-апаларымыз ұйытқы болды. Оған архив құжаттары да дәлел.

You may also like...