Көсемәлі Сәттібайұлы:  «Ақталмаған адам қалмауы керек»

Сұхбат

 Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы  24 қарашадағы №456 Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Облыстық осындай комиссияның мүшесі, «Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві» мекемесінің директоры, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы біздің тілшімізге берген сұхбатында осылай деп ашып айтты.

Тілші: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы әр кезеңде жүргізілді емес пе? Ақтаңдақтар ашылып, жазықсыз жапа шеккендер әлі де ақталып бітпегені ме?

Көсемәлі Сәттібайұлы: Жалпы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтаудың екі кезеңін бөліп атаған дұрыс. КСРО-ның мұртты көсемі И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі 1956-1958 жылдар және Тәуелсіздіктің ақ таңы атар алдындағы 1989-1990 жылдар. Ал, бұл жолғы ақтау – толық ақтау. Түрлі себептермен ақталмай, қалтарыста қалып қойғандар болуы мүмкін. Соларды тізімдеу, зерттеп-зерделеу.Қысқасы, қуғын-сүргін құрбаны болғандардың арасынан ақталмай қалған адамдар қалмауы керек.

Тілші: Ақтауға қуғын-сүргін көргендердің қандай санаттары жатады?

 Көсемәлі Сәттібайұлы: Сонау 1928-1929 жылдардан бастап Голощекиннің «Қазақстанда кіші Казан төңкерісін» жасау саясаты кезінде мал-мүлкі тәркіленіп, айдауға ұшырағандар, 1937-1938 жылдарда «халық жауы» атанып, атылып кеткендер, «итжеккенге» айдалғандар, абақтыға жабылғандар, ауыр жұмысқа жегілгендер, соғыс жылдары Қазақстанға жер аударылған әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері, бәрі-бәрі де.

Тілші: Комиссия құрамы қалай жасақталған?

Көсемәлі Сәттібайұлы: Комиссия құрамында ғалымдар, мәдениет және архивтер саласының өкілдері, қоғам белсенділері бар. Біздің облыста жұмыс істеп жатқан комиссияның төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек. Кестеге сәйкес комиссия отырыстары өткізіліп, атқарған жұмыстар сараланып тұрады.Бір екі мысал келтіре кетейін . Архив деректерінен мәлім болғанындай, қазіргі Т.Рысқұлов ауданы Каменка(Қарақыстақ) ауылынан – 23, Меркі ауданынан – 38 адамға «бай-құлақ» деген таңба басылып, мал-мүлкі тәлкіленіп кете барған. Мұндай мысалдар басқа аудандардан да жетерлік.

Архивте саяси қуғын-сүргінге ұшыраған партия –кеңес қызметкерлерінің қоры бар. Құжаттардың «сөзіне» сенсек, көпшілігі «троцкийшіл», «бухариншіл» «байдың ұрпағы», «кеңес үкіметіне қарсы», «ұлтшыл-фашист» деген атпен ұсталып, тұтқындала берген. Тіпті, үстірт тергеумен 5-6 айдың ішінде атылып кеткендері де бар.

Жасықсыздар жапа шеккен мұндай саяси оқиға Кеңес өкіметінен басқа әлемнің ешбір елінде болмаған. Әсіресе, көп зөардап шеккендер РСФСР, Украина және Қазақстанның азаматтары. Бәріне сол кездегі қылмыстық кодекстің 58 бабының 10 тармағымен «халық жауы» деген кінә тағылған.

«Халық жауы» атанғандарды бізге, бізден оларға жер аударып отырған. Мысалы Мәскеудегі Үлкен театрдың бір әйел әртісі Талас ауданының Үшарал ауылынан бір-ақ шыққан. Бейшара әртіс әйел «халық жауы» болды дегенге сену қиын.

Қазақстандағы ұжымдстыру кезінде большевиктердің қысымына шыдамағандар жер-жерден бас көтергені тарихтан белгілі. Мәселен, Созақ пен Сарысудағы «Созақ». «Аңқай», Меркідегі Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілістер. Комиссия осындай көтерілістердің қолбасшылары мен қатысушыларын анықтауда зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Тілші: Күштеп ұжымдастырудан зардап шеккендер туралы деректерді «сөйлетіп» көрсеңіз?  

Көсемәлі Сәттібайұлы: Ондайлар көп қой. Адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп асырап отырған ауқаттылар мал-мүлкі тәркіленіп, өздері ашаршылық қармағына іліккеннен кейін қырғыз, өзбек ағайындарды сағалаған. Тіпті, Тәжікстан асып кеткендер, шетелге қашып кеткендер де бар.

Мысалы, архив құжаттарында Меркі ауданынан Қырғыз еліне қашып кеткен Молдағали Қазақбаев, Орынтай Шерманов, Шыбықбай Жаназаров, Саржанқұл Манапов, Ажан Бештамбаев, Байқұтты Қалмамбетовтердің мал-мүлкі тәркіленгені немесе өз еріктерімен елге таратып бергендері туралы айтылады. Жалпы бұл өңірден 267 орта бай өкілдері Қырғыз елін паналаған.

Архив құжаттарында мұндай мәліметтер, там-тұмдап болса да, басқа аудандардан да бар.

Мысалы, Сарысу ауданында 1930 жылы 31 209 адам тұрса, 1933 жылы 6181 адам қалыпты. Сонда небәрі екі жылдың ішінде 25028 адам аштан өлген немесе босып кеткен.

Талас ауданында да осылай 487473 тұрғыннан 12638-і ғана қалған. 35585 тұрғын аштан қырылған немесе босып кеткендер санатында.

Ой, айта берсем, адамның төбе шашын тік тұрғызатындай жан түршігерлік оқиғалар туралы деректер де кездеседі.

Соғыс жылдарында фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болғандар, сондай-ақ, «Түркістан легионына» қатысқандар туралы ақпараттар жинау және оларды ақтау жөнінде де жұмыстар жүргізілуде.

1941-1945 жылдары немістер жаулап алған Норвегияда 100 мыңға жуық кеңес әскері концлагерде тұтқында болыпты. Норвег зерттеушілерінің арқасында соның 44-і қазақстандықтар екені анықталған. Алтауы жамбылдықтар болып шықты.

Жамбыл жеріне әкелген тұтқындар арасында немістер, жапондар болғаны анық. Басқа ұлттан да бар шығар. Оған нақты дәлел жоқ. Біздің өңірде жалпы осындай әскери тұтқындар саны 1500 адам болыпты. Соның 450-і Қаратау тау-кен комбинаты құрылысында жұмыс істеген.

ТІЛШІ: Соғыс кезінде КСРО-ның басқа аймақтарынан Қазақстанға еріксіз қоныс аударғандар туралы не айтасыз?

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Соғыс кезінде Қазақстанға күштеп көшірілгендер қатарында күрд, кәріс, поляк, неміс, иран, әзірбайжан, қарашай, шешен, армян, түрік, украин, финдер бар. Біразы Жамбыл облысына қоныстанған. Аудандарға, ауылдарға жіктеп жазар болсақ, ұзақ тізім. Бір анығы, олар мейірбан қазақ халқының қамқорлығын көп көрген. Бүгінде солардың бірлі-жарымының ғана көзі тірі. Бақилық болғандарының ұрпақтары жаман күнде жар болған қазақ халқына ризашылықтарын айтып отырады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмысшы топ Бас прокоратураның Жамбыл облысы бойынша статистика және арнайы есепке алу басқармасының ведомстволық архивінде жұмыс істеді. Онда арнайы орнықтыруға жолданған 11699 тұлғаның жеке істері сақталған. Ол жұмыстар түгелімен құпиясыздандырылған. Оларды зерделеу, компьютерге теру және КСРО саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық деректер базасы «Ашық тізім» сайтымен салыстыра отырып нақтылануда. Бірақ, бұл азаматтардың барлығы да ақталған.

ТІЛШІ: Ұжымдастыру, тәркілеу кезінде айдалып кеткендердің кейбіреулері туралы нақты деректер немесе құжаттар жоқ. Ал, ұрпақтары өз үлкендерден ауызекі естігендері бойынша іздестіріп таппай жүр. Олар қайтпек?

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Біз олардың да өтініштері бойынша жұміс жүргізіп жатырмыз. Бірақ, ауызекі айтылғандар бойынша ақтау мүмкін емес екені естен шықпасын. Сол айтылғандардың жалған еместігіне, шындығында қандай да бір айғақ, нақты дерек керек қой. Сондықтан, дерексіз кеткен ата-бабалары, туыстарын іздестіріп жүргендерге айтарымыз,  мейілінше дұрыс мәліметтер берсін. Айдалып кеткендердің аты-жөндері, қашан, қай жерден әкеткен? Комиссия сол бойынша іздестіру жүргізеді. Өздері де сол өңірлердегі архивтермен байланысып, өздігінше әрекеттенулеріне болады. Мақсат біреу ғой.

ТІЛШІ: Комиссия жұмысын толық бітіргеннен кейін, халық ол жұмыстың нәтижесі туралы хабардар етіле ме?

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Әрине,.Комиссия қазірдің өзінде БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, жүргізіліп жатқан жұмыс барысы, оның кейбір нәтижелері туралы халықты ақпараттандырып отыр. Зерттеу, зерделеу, толық ақтау жұмыстарының нәтижесі туралы арнайы кітаптар шығарылды. Оған саяси қуғын-сүргін құрбандарының естеліктерін қамту да ойда бар.

–Әңгімеңізге рахмет!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

«Ғұмыр-Дария».