Келешектің кемел жазуы

image_pdfimage_print

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ жазбасын жаңа графикаға, яғни латынға ауыстыру мәселесі жайында өткен жылы нақты тапсырмалар берге болатын. Осыған орай 02.02.2018 жылы  Жамбыл облысының мемлекеттік архиві сақтаудағы латын қарпіндегі құжаттар негізінде «Келешектің кемел жазуы» атты көрме ұйымдастырып, дөңгелек үстел басындағы әңгімеге М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, тіл маманы Зиба Құламанованы дөңгелек үстел басындағы әңгімеге арнайы шақырды.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені облыс әкімдігінің  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева ашып, жүргізіп отырды. Сара Қабылбекқызы: «Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізілуде. Зиялы қауым өкілдерінің, тіл майталмандарының, тарихшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың, жалпы бұқараның ой-пікірлері ортаға салынды. Әліпбиді тіл мамандары әлі де зерттеу үстінде. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Шынында латын әліпбиіне біз көшіп жатқан жоқпыз, қайта оралудамыз. Бұл орайда Жамбыл облысының мемлекеттік архиві сақтаудағы құжаттар негізінде «КЕЛЕШЕКТІҢ КЕМЕЛ ЖАЗУЫ» атты көрме ұйымдастырды», – деп көрмеге қойылған құжаттарды таныстыру үшін сөз кезегін облыстық архивтің бөлім басшысы Назым Қожамароваға берді.

Кіріспе ретінде латын графикасының қазақ тіліне жат емес екендігі, тарихымызда бұрын да латын қарпін пайдаланғанымызды баяндап, сол кезеңдегі тарихи құжаттар жайында әңгімеледі: «Көрмеге түрлі тарихи фактілерді айғақтайтын құжаттар қойылған. Мәселен мұнда, 1935 жылы қазіргі педогогикалық коллеждің жұмыс істей бастауы туралы, латын әліпбиіне көшкен тұста сауатсыздықты жою жұмыстары бойынша мәліметтер бар. Латын қарпіндегі архивте сақталып қалған 1935-1936 жылғы Алматыдан шығарылған «Төте оқу», Әулиеата аудандық «Колхозшы» газеттерінің парақтарын архив қызметкері оқи бастады. «Төте оқу» газетінде бір аңғарылған дүние – латын қарпінде қазақ жазбасы көшкен кезде газет бетінде граматикалық ережелер арнайы беріліп отырған екен. Біздің қолдағы газетте 25-сабақ «Көсемше» тақырыбына арналыпты. Бұл граматикалық ережелерді сол тұста Ахмет Байтұрсынов жазып, қазақ граматикасының негізін қалаған», – деп, сол латын қарпінде жазылған мақаланы дауыстап оқып, сөзін аяқтады.

Іс-шараға шақырылған филология ғылымдарының кандидаты, ономаст-ғалым Зиба Абдуллақызы Құламанова Елбасының тапсырмасына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған 4 кабинет жұмысына кіріскендігін хабарлады. Соның бірі – латын графикасын үйрету кабинеті. Сонымен қатар, ғалым өз сөзінде латын қарпіне ауысу Қазақстанды әлемдік деңгейде танытудың бір құралы болуымен қатар, қазақ тілінің мәртебесін көтеруді, ұлттық идеологияны ел арасында сіңдіруді мақсат ететіндігін жеткізді. Тіл дамымаған жерде, яғни оның жазуы дамымаған жерде халық та кейін шегінетіндігі жайында айытты. Сондықтан да жастарды заман талабын оң қабылдап, сауатты болуға шақырды. Зиба Абдуллақызының бұл сөзін жазушы-журналист Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет қолдап, әлемдік философтардың, тіпті коммунизмнің көсемі болған Лениннің бір ғасыр бұрын латын графикасына көшудің маңызы туралы айтқандарын ортаға салды.

You may also like...