КЕҢЕС ОДАҒЫ БАТЫРЫ АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ТАШАН РАМАЗАНОВ

image_pdfimage_print

КЕҢЕС ОДАҒЫ БАТЫРЫ АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ТАШАН РАМАЗАНОВ

Өмір иірімдері сан алуан. Тағдырдың қай кезеңде бізді қайда лақтырып, өміріміздің қалай өзгерерін біз білмейміз. Бірақ уақыт өте келе оны саралап, қорытынды жасайтын кездеріміз болады. Әсіресе архив саласында жүріп өмірден өткен адам тағдырлары туралы деректерді оқысаң, қай кезде де бір ақиқатқа көзің нақ жетеді. Ол – «тегін жерден түк шықпайтыны» немесе «тектіден текті туатыны».
Сондай деректердің біріне тағы да кез болдым. «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қоғам қайраткері Б.Әбдіғалиұлының Совет Одағының батыры атағына ұсынылған, бірақ түрлі себептермен осы марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 133 қазақстандық майдангердің тізімі мәдениет басқармасы тарапынан архивке келіп түсті. Ондағы тапсырмалардың бірінде аталған майдангерлердің соғыстан кейінгі тағдырын, ұрпақтарын анықтау сұратылыпты. Әрине бұған дейін біздер 2018 жылы жамбылдық майдангерлердің тізімін жасауда бұл батырлардың есімін тізімге енгізіп, олар туралы анықталған деректерді өзіміз ашқан «ерлік.кз» сайтына енгізген болатынбыз. Ендігі тапсырма өзгеше.
Совет Одағы Батырының атағына ұсынылған 8 майдангердің деректерін архивтен іздестіре отырып, Ташан Рамазановтың соғысқа дейінгі жеке ісінің архивте сақталғанын анықтадым. Онда 1941 жылға дейінгі өмір деректері мен суреті сақталыпты. Ал Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери архивтің «Память народа» ресми сайтынан Ташан Рамазановтың 1944 жылдың 22-желтоқсанында Чехословакия, Словакия жеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқаны көрсетіліпті. Римавска-Собота төңірегіндегі Ширковце селосында жерленген туралы құжатында іздеушісі ретінде әйелі Рамазанова Нәйлә көрсетілген. Ташан Рамазанов 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1917 жылы әкесінен, 1919 жылы шешесіне айырылып, жетімдіктің азабын шеккен. 1924 жылға дейін Теректі ауданындағы Қыдырбаев деген байдың жалшысы болды. 1924-1928 жылдары өзі туған ауданда орналасқан балалар үйінде тәрбиеленді. 1928-1932 жылдары Омск қаласындағы университеттің жұмысшы факультетінің студенті болды. Оқуын тәмамдаған Ташан Петропавл қаласындағы Қарағанды облыстық атқару комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл қызметте 4 ай отырып, 1934 жылға дейін Жаңаарқа, Қызылту аудандық комсомол ұйымдарының хатшысы болды. 1934-1937 жылдары Алматы қаласындағы қазақ кавалериялық полкта әскер қатарында отан алдындағы борышын өтеді. Онда кіші курсант дәрежесінен взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілген.
1937 жылдың қазан айында әскер қатарындағы борышын өтеп болып, Жамбыл қаласындағы №49 жылқы зауытына директор қызметіне келді. Бұл қызметті 1941 жылы майданға шақырылғанға дейін атқарған.
Әйелі Нәйләмен ол 1938 жылы қосылған. Екеуінің ортақ екі баласы болған. Ұлы Ерке 1940 жылы, қызы Алия әкесі майданға кеткеннен кейін 1942 жылы дүниеге келген екен.
Негізі: ЖОМА. Қ.282П Т.10 Б.17 Іс.137 П.54-72
МАРАПАТТАУ ҚҰЖАТЫ “ҰМЫТЫЛҒАН ҚАҺАРМАНДАР” КІТАБЫНАН АЛЫНДЫ.

You may also like...