Химия өндірісінің алыптары бой көтерді

image_pdfimage_print

Облыстың құрылғанына 80 жыл толуы туралы айтқанда химия өндірісі туралы қысқаша болса да ерекше тоқталмасқа болмайды. Себебі Жамбыл облысының құрылуы өңірде тікелей химия өндірісін дамытумен тікелей байланысты. Химия өндірісінің дамуы бүкіл аймақ экономикасының көтерілуіне ықпал жасады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары химияны дамыту коммунизмді жақындататынын билік бар дауысымен айтты. Сондықтан да жаңа химия кен орындары игеріліп, қалалар бой көтерді. Жамбылдың өркендеп өсуі, Қаратау мен Жаңатас қаласының бой көтеруі Қаратау жоталарындағы химия кен орындарын игерумен тікелей байланысты. Жағдай қанша ауыр болғанымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында-ақ қоры жағынан әлемді тамсандырған Жамбыл жерінде химия өндірісін дамыту қолға алынды.

1935 жылдары геолог И.И. Машкара Жамбыл өңіріндегі Қаратаудан әлемдегі ең ірі фосфор кен орнын анықтаған болатын. Химия өндірісінсіз өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, тағы да басқа салаларды дамыту мүкін емес екенін билік түсінген, білген. Сондықтан да химия өнеркәсібі деп аталатын министрлік құрылды. П.Л. Безруков басқарған геологиялық барлау партиясының Қаратау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін анықтап, толық қорытындысын ұсынғаннан кейін байлықты игеру туралы шешім қабылданған. Бұл істің тез әрі мақсатты жүзеге ашуы үшін, басқаруды химия өндірісіне жақындату міндетін шешу үшін облыс құрылды.

Химия кен орындары негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. Сол кезде Жамбыл фосфоры Одақта қоры жағынан екінші орында болды. Шолақтау, Ақсай, Жаңатас, Көкжон, Көксу, Тесіктас деп аталатын кен орындары өте құнарлылығымен ерекшеленді. Көкжон кен орнында 171 миллион тонна фосфор кені болса, Ақсай кен орнынан жылына екі миллион тонна, Жаңатастан 900 мың тонна, Шолақтаудан 800 мың тонна кен өндіруге болатындығы дәлелденді.

1947 жылдың 6 ақпанында Қаратау кен-химия комбинатының бірінші кезегі пайдалануға берілгені жөніндегі қабылдау актысына СССР Химия өнеркәсібінің министрі Л. Первухин қол қойды. Міне, осы сәттен бастап Жамбыл өңірі шын мәнінде ірі химия өндірісінің орталығына айналды. Кен орнының қуаты жылдан жылға артты. Өндіріс қуатының артуы көптеген түйінді мәселелерді туындатты. Мәселен, химия өндірісінің дамуы жылдан-жылға бұл салада түбегейлі шешілетін мәселелердің бар екендігін белгілі болды. Мәселен, Шолақтау кен орнында салынуға тиісті жерасты шахтасы құрылысының ұзаққа созылуы ашық әдіспен кен өндірілетін кеніште жұмыс істейтін арнаулы техниканың жетіспеушілігін туындатты. Мұның өзі химия өндірісін жедел дамытуға қиындықтар әкелді. Сондықтан да жергілікті басшылық СССР Химия өнеркәсібі министрлігінен Ақсай кеніш құрылысын жеделдетуді сұрады. 25 тонналық автомашиналар тұратын гараждың құрылысын жеделдету көліктерді жөндеуді жақсартатындығы да айтылды. Ең бастысы, комбинатта тау жынысын тасымалдайтын арнаулы автокөліктер жетіспейді. Сондықтан да комбинаттың материалдық қорын жақсарту үшін 1955 жылы 5 миллион сом бөлу аса маңызды екендігі де дәлелденді. Министрге жолданған хатта өндіріс қуатының артуы, атап айтқанда, комбинаттың бірінші және екінші кезеңінің құрылысын жоспарлағанда әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық маңызы бар нысандарды салу қарастырылмағаны, сондықтан да комбинаттың үшінші кезегін салуда осы салаға 13 миллион сом бөлу қажет екендігі жеткізілді. Сонымен бірге мектептің, моншаның балалар бақшасының да жетіспейтіндігі айтылды (282-қор, 2-тізімдеме, 136-бума, 490-іс).

1962 жылы Ақсай кеніші игеріле бастады. Ал 1963 жылы фосфор кенін өңдейтін Қаратау кен байыту фабрикасы іске қосылды. Жаңатаста да жылына 9 миллион тонна тау жынысын өндіретін, оның 2 миллион тоннасын байытатын кеніш пен фабрика салынды.

Химия өнеркәсіп орындарында ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері қолданылды. Жамбыл қаласында әлемдегі аса ірі «Химпром», «Суперфосфат», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыттары» салынды. 1964 жылы 6 маусымда құрылысы басталған 1968 жылдың 29-желтоқсанында Ленин комсомолы атындағы Қоссуперфосфат зауыты пайдалануға берілсе, 1969 жылдың 15-мамырында зауыт алғашқы өнімін шығарды. Бұдан он жылдан кейін, 1978 жылы 28-желтоқсанда Жаңа Жамбыл фосфор зауытын пайдалануға беру туралы актіге мемлекеттік комиссия қол қойды. Әлемде тұңғыш рет агломераттан сары фосфор алынды. Осының нәтижесінде Жамбыл ірі химия алыптарының орталығына айналды. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының құрылысы кезінде бүкілодақтық екпінді құрылыс болып жарияланды. Одақтың түкпір-түкпірінен жастар келіп, осында еңбек етті. Жамбыл қаласында химия өндірісінде еңбек ететіндер тұратын он шағын тұрғын үй ауданы салынды. Соның нәтижесінде білім беру, денсаулық, әлеуметтік-тұрмыстық мекемелер бой көтерді. Мәдениет үйлері мен стадиондар, кітапханалар мен клубтар тұрғындардың рухани байлығын молайтуға үлес қосты.

Өндіріс орындарының қуаттылығы жылдан-жылға артты. Мәселен, 1966 жылы Қаратау кен байыту комбинатының кеніштерінде тәулігіне 52 мың тонна тау жынысы өндірілсе, бұл көрсеткіш 1973 жылы 208 мың тоннаға жетті. 10 жылда комбинаттың өндіріс көлемі алты есеге өсті. Жылына 12 миллион тонна кен жынысын өндіруге қол жеткізілді. Тәулігіне 31 мың тонна тауарлы өнім өндірілді. Сол жылдары комбинаттың өнімдерін Одақтың он өнеркәсіп орнымен бірге ондаған шетел компаниялары тұтынды. Бір сөзбен айтқанда, сол жылдары СССР-да өндірілген фосфордың әрбір 3-5 тоннасы Жамбыл жерінде өндірілді.

Өндіріс орындарымен бірге оның адамдары да, қаласы да, даласы да өсті, жайқалды. 1963 жылы 24-тамызда Шолақтау поселкесіне, 1969 жылдың 25-маусымында Жаңатас поселкесіне қала мәртебесі берілді. Ал 1963 жылдың 29-қарашасында Шолақтау қаласы Қаратау қаласы болып өзгертілді.

Химия өнеркісібінің облыста дамуына екі ірі кәсіпорын ықпал жасады. Біріншісі – Қаратау кен-химия комбинаты, екіншісі – суперфосфат зауыттары. Шын мәнінде, 1,5 миллиард тоннадан аса фосфор кенінің қоры бар кен химия комбинаты Орталық Азия мен Қазақстандағы кәсіпорындарды фосфор шикізатымен және минералды тыңайғыштармен қамтамасыз етті. 1946 жылдан бастап Шолақтау фосфорит кен орны игерілді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары комбинаттың жобалық қуаты еселеп артты. Мұны әр жылдардың көрсеткіштерін салыстыра отырып аңғаруға болады. Мәселен, 1955 жылы 27 314 мың сомның 262 621 тонна фосфор ұнын шығарса, бұл көрсеткіш 1958 жылы тиісінше – 42 911, 465 259 тонаға жетті. Сол кезеңнің үш жылда өнім өндіру бір жарым есеге өссе, 1950 жылмен салыстырғанда үш есеге көбейді. Ал 1959–1965 жылдары жетіжылдық жоспар бойынша Қаратау комбинаты жылына 3 миллион 300 тонна кен өндіретін болады. Сонымен бірге 1400 мың тонна байытылған фосфор ұнын өндірді. Жетіжылдық жоспар бойынша комбинаттың жалпы өнім өндіру көлемі 1959 жылы 42 400 мың сомның өнімін өндірсе, бұл көрсеткіш 1965 жылы 205,500 мың сомға жетті. Бұл көрсеткішке жету үшін Шолақтауда жерасты шахтасы – Ақсай кеніші игеріліп, байыту фабрикасы салынды. Сонымен бірге Жаңатаста алғашқы жылдары жылына 400 мың тонна кен өндіретін кеніш құрылысы басталды. Пайдалануға берілген Ақсай кен орнының қоры нақтыланып, 85 миллион тонна деп белгіленді. Оның 38 миллион тоннасы ашық әдіспен өндірілді. Ал Жаңатас кен орнының қоры да нақтыланды. Жобалық қуаты 700 мың тонна кен байытатын фабриканың бірінші кезеңі 1962 жылы пайдалануға берілді.

Жетіжылдық жоспар бойынша химия өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды. Мәселен, Жамбыл суперфосфат зауытына 1959–1965 жылдары 156 миллион сом бөлу қарастырылды. Оның 118 миллион сомы кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға бағытталған жұмысқа жұмсалды. Жетіжылдық жоспар бойынша зауытта жалпы өнім өндіру көлемін 1,6 есеге өсіру қарастырылды. Сонымен бірге күкірт қышқылын 1,3 есеге, тыңайтқыш шығаруды 1,7 есеге өсіру белгіленді. Жылына 63 мың тонна амофос шығаратын жаңа цех салу қарастырылды. 1960–1961 жылдары жемазықтық фосфат шығару жоспарланды. Зауыт бұл цех іске қосылғаннан кейін жылына 40 мың тонна жемазықтық фосфат шығаратын болады. КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің 1959 жылғы 26-наурызда қабылдаған химия өнеркәсібі өнімдерін шығаруда ішкі резервтерді пайдалану жөніндегі қаулысын басшылыққа ала отырып, зауыттың барлық саласында өнім шығару көлемі артып, жаңа цехтар іске қосылды. 1958 жылмен салыстырғанда 1965 жылы еңбек өнімділігі 46 пайызға өсті. Зауыттардағы пештердің қуаттылығын арттыра отырып электр энергиясын үнемдеу бағытында да тың шешімдер қабылданады. Осы жылы химия өндірісін дамытудың басқа да іс-шаралары белгіленді. (282-қор, 2-тізімдеме, 179-бума, 1054-іс).

Қаратау кен-химия комбинаты бесжылдықтың төрт жылының жоспарын мерзімінен бұрын орындап шықты. 1969 жылдың өнім шығару жоспарын 15-қарашада, фосфор түйіршігін дайындау жоспарын 20-қарашада, фосфор ұнын шығару 1-қыркүйекте, тауарлы кен жоспарын 18-қазанда орындады (282-қор, 7-тізімдеме, 523-бума, 14-іс)
Химия өндірісінің Жамбыл жерінде дамуымен бірге, облыста көптеген қосалқы өндіріс орындары бой көтерді. Облыс құрылған жылдары өңірде химия өндірісін дамыту жөніндегі іс-шара шын мәнінде 1976 жылдары шарықтау шегіне жетті. Міне, осы жылдардан бастап химия өндірісінің басқа салаларын жетілдіру, атап айтқанда, өнеркәсіптік химия өнімдерін өндіру қолға алына бастады. Яғни, халық тұтынатын тауарлар алып химия зауытында шығарылды. Сонымен бірге сол жылдары химия өндірісін дамытудың жаңа сатысына көтерілу міндеттері қойылды. Осы міндеттерді орындауды жеделдетуге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Қаратау мен Жаңатасқа келіп, жағдаймен жан-жақты танысуы зор ықпал жасады. Ел басшысы химия алыптарының ырғақты жұмыс істеуін үнемі бақылауда ұстап, түйінді мәселелердің тез арада шешілуін қамтамасыз етті. Ол өндірістік мәселелердің шешілуімен бірге мәдени-тұрмыстық нысандарының салынуына ерекше назар аударды.

1976 жылдың 12-ақпанында КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советі минералды тыңайтқыштарды шығаратын өндіріс орындарын дамыту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулыда жаңа Жамбыл фосфор зауытының бірінші кезеңін 1977 жылы іске қосу жоспарланған. Осы мақсатқа мемлекет 87,5 милион сом қаржы бөлді. Мұның өзі жабдықтармен қамтамсыз етуді және металл жабдықтарын жедел монтаждауды талап етіпті. Соған қарамастан 60,1 мың тонна металл жабдықтарын берудің орнына оның үштен бірі ғана жеткізілді. Жеткізілген жабдықтардың жартысы ғана құрастырылды. Сондықтан да облыс басшылары жоғарыға хат жазып, тапсырманы мерзімінде орындауды қамтамасыз етуді сұрады.

Химия өндірісінің дамуына жеке тұлғалардың ықпалы шешуші рөл атқарды. Олар жоғарыға қалыптасқан жағдайды түсіндіре білді, қаймықпай айтты, істің шешілуін талап етті. Осы істің алғы шебінде облыста химия өндірісінің дамуын үйлестіруге елеулі үлес қосқан Тұйғынбек Темірбеков, Александр Недогон, Михайл Фрид, Анатолий Шеин, Сүйінбек Түйтебаев, Жапар Шарипов, Төлеухан Оспанбеков, Петр Качесов, Мұқан Атабаев, Еркебұлан Мырзағалиев сынды азаматтардың есімі құрметпен аталса, еңбек майданында Социалистік Еңбек Ері Сартай Есімханов бастаған майталман еңбек адамдары әрқашанда ел жадында. Олар Жамбыл, Қаратау және Жаңатас қалаларының кең қанат жаюына қажыр-қайратын, ақылы мен білімін жұмсады.

Өңірде химия өндірісінің дамуы экология проблемаларын туындатты. КПСС Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір пленумынан кейін экология мәселесі алдыңғы қатарға шығарылды. Осы жылдары Жамбыл қаласының экологиялық тепе-теңдігі бұзылып, адам өміріне зиянын тигізетін улы шаң-тозаң газ атмосфераға шығарылып жатты. Тек 1989 жылы атмосфераға 432,7 мың тонна улы зат шығарылды. Осы жылдары экология қайраткерлері көптеген мәселелер көтеріп, қайта құрудың қағидаларына сүйеніп пикеттер өткізіп, наразылық жиындарын жалғастырды. Соның нәтижесінде ауаға улы зат шығару азайды. Мәселен, 1987 жылмен салыстырғанда 1988 жылы Химпром ауаға 907 тонна улы затты аз шығарды. НДФЗ – 219, Жамбыл суперфосфат зауыты – 497, ГРЭС – 983, ТЭЦ – 13,5 мың тонна улы затты аз шығарғаны белгілі болды. Дегенмен де осы жылдары облыста «жасылдардың» қозғалысы өрістеп, шаң-тозаңды ұстайтын қондырғылар орнатуды талап етумен болды. Сонымен бірге осы жылдары кәсіби ауруға ұшырағандардың наразылығы өрістеді. Бұл наразылық тоқсаныншы жылдардың соңына дейін жалғасты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған