Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз
Жамбыл мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Мәжіліс залында Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орайластырылған архив қызметкерлерінің басын қосқан «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Бақытұлы Әбдіғали, Алматыдан Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Борис Әлікенұлы Жапаров, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Жәмила Юсупжанқызы Әбдіқадырова, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві биректорының кеңесшісі Гауһар Әлімқызы Хайруллина және Түркістан облысының архив басшылары мен мамандары, майдангер ұрпақтар, Польша Республикасының, Гданск қаласындағы Поморск генеологиялық қоғамы Президентінің орынбасары, техника ғылымының кандидаты, өлкетанушы Войцех Бещински, қатысты. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы Құрманбекова ашып, тарихты тану, құрметтеу – елдігіміз үшін маңызды екенін атап көрсетті.
Польшадан, Елордадан Жамбыл жеріне арнайы келген қонақтарға, жиынға қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Мүтәліп Ережепбаевқа, Махмұд Бердібаевқа,Виктор Дологановқа алғысын жеткізді. Конференция жұмысын бастау үшін алғашқы баяндама жасау кезегі облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиеваға берілді. Ол кісі өз сөзінде облысымыздағы майдангерлердің тізімін нақтылауда облыс архивистерінің жұмысы турасында, соның негізінде жасалған “Ерлік.кз” сайтының жұмысы, жинақталған деректер жайында баяндады. Облысымыздағы архив қызметінің атқарған жұмыстары слайдпен көрсетілді. Баяндама соңында бүгінгі таңда көзі тірі майдангерлермен жасалған сұхбаттар, олардың өмірбаяндық мәліметтері негізінде дайындалған бейне-ролик конференция қатысушыларының назарына ұсынылды.
«Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғали өз баяндамасында майдан даласында ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағына ұсынылып, алайда оның орнына түрлі себептермен өзге марапаттар берілген, бұрындары есімдері аталмаған 130 майдангердің есімін анықтағанын айтты. Соның ішінде 8 майдангер осы Жамбыл облысынан майданға шақырылған азаматтар екені де анықталды. Майдангерлер, оның ішінде із-түссіз жоғалғандардың тағдырын зерттеп, анықтау біз үшін азаматтық, ұрпақтық парыз екенін ұмытпауымыз керектігін, тарих бетінде бұл соғыс турасында ақтаңдақ беттердің көп екендігін де ерекше айтты. Жамбыл облысы бұл игі істі қолға алғаны өте құптарлық шара.
Польшадан келген Войцех Бещински бірнеше жылдан бері екінші дүниежүзілік соғыста Польша жерінде қаза болған совет жауынгерлерінің жерленген жері туралы, олардың кім екенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жүргенін айтты. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде оның ішінде бес мыңдай қазақстандықтардың бар екенін жеткізді. Олар туралы әлі де зерттеу жұмыстары жасалуы керектігін айтты. Польшаның Гданск қаласында екінші дүниежүзілік соғыс музейінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының темекі түтігі сақталғанын, оны жамбылдықтар өткен жылы барған іс-сапарында өз көздерімен көргенінде айтты. Жалпы іс-шара өте тағылымды өткенін, жамбылдықтардың қонақжайлылығына ризашылығын айтты.
Шақырылған қонақтар Ұлы Отан соғысы тақырыбында атқарылған жұмыстар турасында ақпаратпен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Іс шара соңында конференцияға қатысушылар алда келе жатқан 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен Жамбыл жұртшылығына құттықтау хат жолдады.