НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ – ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА

Ресей Социалистік Федерациясының Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесінің 1920 жылғы 20 наурыздағы бұйрығы.
Құжатта жазылғандай ол кезде орталығымыз Ташкент қаласы болған.
Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесі қаулысының келісімімен 1920 жылдың 22 наурызы бүкілхалықтық көктем мерекесі – “Наурыз” күні болып жарияланыпты.
Бұйрыққа Ресей Социалистік Федерациясы Советтік Түркістан Республикасы орталық атқару комитеті кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұлов қол қойған.
Бірақ кейін Сталин мен Голощекиннің қолымен жасалған зұлмат пен нәубет жылдары бұл бұйрық ұмыт болған. Тіпті, Қазақстанға оң көзімен қарады дейтін Л.И. Брежневтің дәуірінде де Наурызымыз мемлекеттік деңгейде мерекеленбеді. Үй-үйде, оңаша өтті.
Тек Горбачев жылымығының соңғы жылдарында Ұлыстың ұлы күні еске алынып, мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Ал 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президенті Н. Назарбаевтың “Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы” туралы Жарлығы шықты.
Содан бері Наурыз мейрамын Қазақстан Республикасының жұртшылығы бүкіл халық болып мерекелеп келеді.
Ұлыс оң болсын, ағайын!
Көсемәлі Сәттібайұлы,
“Жамбыл облысының мемлекеттік архиві” КММ-нің директоры.
Тараз қаласы.



ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН!

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Наурыз мейрамының маңыздылығын айшықтай түсу мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіле әзірленген Наурыз мейрамының логотипін жасады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында айтылған Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасын әзірлеу және көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тұжырымдамалық тәсілдер әзірленді
Логотип
Мерекенің нышаны адам, қоғам және табиғат үйлесімділігі сияқты тарихы терең идеяға негізделіп, ұлттық руханият пен заманауи үлгіге сай қайта жаңғыртылды.
Осыған орай мерекенің түс үйлесімі ретінде жасыл түстер шоғырын пайдаланған жөн. Бұл табиғаттың оянуы мен жаңаруын, жаңа өскіндерді білдіреді.
Дөңгелек пішін – Жер шарының бейнесі.
Түстердің түсіндірмесі
Жасыл түс – еркіндікке деген жігерді, табандылық пен мақсатқа деген ұмтылысты білдіреді. Көп халық жасыл түсті табиғат пен тіршілік атаулының оянуымен байланыстырады.
Сары түс – қуаныш пен күн сәулесін білдіреді. Сары түс адамды жаңалық ашуға ынталандырып, даму мен өзін-өзі жетілдіруге шабыттандырады.
Көктемгі жарқын түстердің жарасымы бойға қуат беріп, сергітеді. Қанық сары жасыл түспен үйлесетіндіктен көзді қарымайды. Реңктердің айқындылығы татулық пен жан тыныштығын бейнелейді.
Ою-өрнек
21 наурызды күн мен түн теңеледі. Өрнек – күн мен түннің теңелуінен кейінгі ЖАҢА КҮННІҢ алғашқы сәулелері түрінде бейнеленген.
Геральдикалық қағидаларға сүйенсек, күн – байлық пен молшылықты, өмір мен күш-қуатты бейнелейді.
Шаңырақ
Композицияның орталық элементі – «ШАҢЫРАҚ».
Шаңырақ бейнесі – елімізде тұратын барлық этностың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы.
Шаңырақтан тарайтын тұғырлар – әралуандығын біртұтастығына іргетас еткен халқымызды білдіреді.
Ұлыс оң болсын, архившілер!



19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»

19 наурызға белгіленген бұл күн ұлттық спортты ұлықтауға арналады. Халқымыздың дәстүрлі көкпар тарту, садақ ату, қазақ күресі сынды шымырлық пен шеберлікті талап ететін спорт бәсекесінде шебер сынасады. Ауыл-ауылда күш сынасқан көкпар тартылып, жұртшылық қызыққа батысады. Ер жеткен бозбаланың бағын сынар тұсыда осы кез. Шымыр да шебер қайратты жасқа жұрт сүйсініп қараған. Туған жердің осынау игі қасиеттері бүгінгі күнге жетті.
Бұл күн қатысушылардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын оятып, оларды шымырлық пен шыдамдылыққа, шеберлік пен əсемдікке баулиды. Қанмен бірге дарыған ұлттық қасиеттердің жанданып, рухтың жаңғыруына себепші болады. Осы ниетпен аталып өтілетін осы күнгі іс-шараларларға баршамыз үлес қосайық.



18 наурыз – Игі істер күні

Игі істер күні… Жыл басы Наурызды жақсы көңіл күйде қарсы алу баршаның арманы болса керек. Өйткені жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өтеді деген ұғым бар. Бұл да рас шығар. Дегенмен жақсы көңіл-күй игі істерден туады ғой. Адам адамдарға жақсылық жасаған сайын мерейі өсіп, ырысы артатыны бар. Олай болса бір-бірімізге қуаныш сыйлап, жақсылық жасағанға не жетсін?!
Әз Наурызды қарсы алуда халқымыздың ежелден қалыптасқан дәстүрлерінің бірі осы игі істер дәстүрі. Бұл адамдардың жүрегінде мейірім оянып, айналасына шуақ шашып жүрсе деген ізгі ниеттен туса керек. Биылғыдай ұзаққа созылған қытымыр қыстан қысылып шыққан қалың жұрттың арқа-жарқа болып Ұлыстың ұлы күні, Наурызды лайықты қарсы алуына сеп болайық, ағайын!
Возможно, это изображение (текст)



17 наурыз – Тарихқа тағзым күні

«Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық», – деп сонау 1992 жылдың өзінде, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында Елбасымыз айтқан еді. Осы жылдардың өн бойында тарихқа құрметпен қараудың, өткенімізден өнеге алудың үйренерлік үлгісін көрсетумен келеді.
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қазіргі заманның бір ерекшелігі – жаһандану үдерісінің белсенді қарқын алуы. Бұл – ширек ғасыр бойында өз алдына дербес ел болған мемлекетіміз үшін аса жауапты шақ екені даусыз.
Тарих – заманның зердешісі де, шежірешісі де. Ал сол тарихтың қоныс тепкен жері – архив. Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға толық түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушілері мен зерттеушілерін күтіп жатыр.
Бүгінгі архив қызметі «шаң басқан архив» стереотипіндегідей емес. Күн сайын заман талабына сай жаңарып, қызметі түрленіп жатқан қызу жұмыс ортасы. Көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы алуан еңбек.



«Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды» атты мақала

Қай халықтың болмасын ғұмыр кешкен жолында дәуір тудырған асқақ тұлғалары болды. Бұл үрдістен қазақ жұрты да кенде емес. Былтыр қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы , дала ойшылы Абайдың, биыл қазақ ауыз әдебиетінің, жыраулық өнердің саңлағы Жамбылдың мерейтойын атап өтудеміз.
Облыстық «Ақ жол» газетінің 16-наурыздағы № 30 санында облыстық мемлекеттік архивтің архивисі Әділбек Баққараұлының жыр алыбы туралы «Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды» атты мақаласы жарияланды. Мақалада, Жәкең жайлы ауыз әдебиетінің білгірі, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің “Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды” атты еңбегінен үзінді келтірілген. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік архивте сақталған дерек бойынша 1963 жылы 7 желтоқсан күні Жамбыл қаласындағы көк базар алдында орнатылған Жамбыл ескерткішінің тарихынан хабардар етеді.

#gallery-1 { margin: auto; } #gallery-1 .gallery-item { float: left; margin-top: 10px; text-align: center; width: 50%; } #gallery-1 img { border: 2px solid #cfcfcf; } #gallery-1 .gallery-caption { margin-left: 0; } /* see gallery_shortcode() in wp-includes/media.php */




«ӘУЛИЕ-АТА ӨҢІРІНДЕГІ АШАРШЫЛЫҚ» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Президентіміз Қ.Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат ” атты мақаласында өткен ғасырда орын алған ашаршылықтарды кешенді түрде зерттеу керек екенін шегелеп тұрып айтты. М.Әшімбаев бастаған бір топ мықты қазақтың жігіттері (М.Бақтиярұлы, А.Нұхұлы, Н.Жүсіп және т.б.) Сенат тарапынан да осы мәселені өз назарына алып жатыр. Осы орайда Ш.Ш.
Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әулие-ата (қазіргі Жамбыл облысы) өңіріндегі ашаршылық» атты зерттеу жинағы жарық көрді…
Шалғайдағы қазақ ауылдарындағы адамдардың тағдырына қатысты ашаршылықтың қасіретке толы күнделікті (айтылған) тарихы жазылмайынша, тарихшылар алдындағы бұл мәселе күн тәртібінен алынбасы анық. Біздің институт аймақтар бойынша ашаршылық куәгерлерімен арнайы жүздесіп, сұхбаттасу кезінде жазып алынған, топтамалық естелік жинақтар шығаруды қолға алған болатын. Ұсынылып отырған кітап соның нәтижесі. Естеліктер жинағы Тұңғышбек Байқұлов ағамыздың зерттеулері мен Институт ғалымдарының басшылығымен жазылды. Қазақстанда болған ашаршылық жылдарының зобалаңы қазақ тарихында болған ең қасіретті заман болғаны ел аузынан деректер негізінде дәйектелген. Көпшілік назарына ұсынылып отырған зерттеу жинағы – өлкетанушы Т. Байқұловтың 2017 жылы жарық көрген «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабының жалғасы. Жаңа жинаққа архив қорларынан табылған тың құжат материалдарымен қатар Әулие-Ата өңіріндегі нәубетті жылдардың бүгінгі күні көзі тірі куәгерлері болған қариялардың естелік-әңгімелері, фото-суреттері еніп отыр. Материал аудан – аудан бойынша орналасқан. Ақпарат бергендердің көбінің жасы 90 асқан аға-апаларымыз…
1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы мәліметтер архив қорларында сақталған, одан бөлек аталған тақырып аясында тарихшылар мен зерттеушілер тарапынан да түрлі еңбектер жарық көруде.
Еліміздің түрлі аймақтарында ашаршылықты өз көзімен көрген куәгерлер баршылық және солардың естеліктерін жинақ етіп шығару күттірмес мәселенің бірі. Өйткені ашаршылық жылдарын басынан кешкендердің де қатары жыл сайын азайып бара жатқаны мәлім. Сондықтан да Қазақстанның әр облысында осы іспетті естелік-жинақтардың жарық көруі құптарлық іс екенін айтқым келеді және әр өңірде аталған тақырып аясында зерттеулермен айналысатын әріптестерді осындай жинақтарды жариялауға шақырамыз. Жамбылдық Тұңғышбек Байқұловтың тәжірибесі басқа облыстарда жалғасын тапқанын құптаймыз.