«БІРЛІКТІҢ КҮШІМЕН: ЖАМБЫЛ ЖЕРІНЕ ЕРІКІЗ ЖЕР АУДАРЫЛҒАН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ”

image_pdfimage_print

«БІРЛІКТІҢ КҮШІМЕН: ЖАМБЫЛ ЖЕРІНЕ ЕРІКІЗ ЖЕР АУДАРЫЛҒАН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ” атты құжаттар көрмесі өтті.

1 наурыз – «Алғыс айту» күні қарсаңында Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінде «Бірліктің күшімен» атты құжаттар көрмесі өтті. Құжаттар көрмесіне Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде сақтаулы облыстың дамуына өз үлесін қосқан өзге этнос өкілдерінің жеке тектік құжаттарынан стенд-көрме, облыстық партия комитеті, облыстық атқару комитеті жанындағы арнайы эвакуацияланғандар бөлімі құжаттары қойылды. Көрмеге қойылған құжаттарды облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы мұқият таныстырды. Онда соғыс жылдары Солтүстік Кавказдан Қазақстанға, Жамбыл жеріне жер аударылған шешен-ингуш ұлттары туралы, 1946 жылғы балалар үйіндегі поляк ұлты балаларының тізімі, эвакуацияланған коммунистердің тізім, Харьков қаласынан эвакуацияланған отбасылардың тізімі, жер аударылғандарды аудандарға бөлу туралы, 1943 жылы Қордай ауданына эвакуацияланғандарды жұмысқа орналастыру туралы баяндамалардың түпнұсқасы бар.

Иә, тағдырдың талайымен қазақ жеріне еріксіз жер аударылып келген сан түрлі ұлттың үлкен бір шоғыры Жамбыл жеріне де қоныстандырылды. Сарғайған архив құжаттары соғыстың алғашқы жылдары яғни 1941 жылы 21 мың шешен, болгар мен ингуштар, Ленинград облысынан 30 мыңға жуық фин ұлтының өкілдері, қарашай, әзірбайжан мен күрдтер, грек ұлтының өкілдері күштеп көшірілгенін дәлелдейді. Бұл күндері сол қиямет жылдары еріксіз жер аударылған өзге ұлттың ұрпақтары қазақ халқымен бірге бір ата-ананың баласындай болып сіңісіп ғұмыр кешіп жатқаны баршаңызға аян. Тәуелсіз Қазақстан әлемге бейбітшіл, бауырмал ел ретінде танылды. Оған дәлел елімізде 130-дан аса ұлттың өкілдері бейбіт, тату тұрып ел дамуына өзінің үлестерін қосуда.

Көрмеде Облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің маманы Кенжебай Өмірбеков тату-тәтті ұлттар достығын тілге тиек етсе, «Манас» қырғыз этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Ақылбек Меңдібаев қазақ халқының бауырмалдығы мен кішіпейілдігі сонау қиын жылдары тағдыр талаймен жер аударылған талай ұлттың өкілдеріне қамқор болып, қатарға қосқанын, енді сол ерен жақсылығы үшін қазақ халқына алғыстарын айтатынын жеткізді.

Іс-шараға Тараз қаласы колледждерінде білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің білімгерлері көптеп қатысып, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

You may also like...