“ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІ-ӨЗГЕ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНДА” атты дөңгелек үстел

        Жамбыл облыстық архив қызметкерлері архив сақтауындағы Әулиеата өңіріне қатысты құжаттарды Түркістан облысы мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік архиві мен ҚР Президенті архивтерінен жинақталған құжаттар бойынша көрме ұйымдастырып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің “Тарих және география” факультетінің студенттерін дөңгелек үстел басына шақырды.
        Бұл іс-шараның мақсаты архив құжаттарын пайдалана отырып, өңіріміздің тарихын зерттеуге жастарды кеңінен тарта отырып, іс-шаралар кешенін ұйымдастыру. Отанға деген патриоттық сезімін ояту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, архив құжаттарын насихаттау және архив саласының имиджін арттыру, «архивист» мамандығының маңыздылығы мен қызығушылықты арттыру, өскелең ұрпақты ғылыми –зерттеу жұмыстарына тарту болып табылады.



Есет Досалының “Әріптес туралы әңгіме” атты мақаласы жарияланды

Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің 14.02.2023 жылғы №18 санына Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің архивисті, журналист Әділбек Баққараұлы жайлы ақын Есет Досалының “Әріптес туралы әңгіме” атты мақаласы жарияланды.




САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ТОЛЫҚ АҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ ОНЛАЙН СЕМИНАР

       Бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жобалық офис жетекшісі Сабыр Қасымұлының жетекшілігімен өңірлік комиссия мүшелерімен онлайн форматта кеңес өткізді.
Кеңесте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары биыл да өз жалғасын табатындығын, әрі “Алаш” қозғалысы мен “Халық жады” тақырыбында зерттеу жұмыстары жүргізілуі керектігін жеткізді.



ҚОРДЫ ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

      Комиссия мүшелері тексеріс барысында “Жамбыл қалалық еңбекші депутаттар Кеңесінің Атқарушы комитеті” №7 қор құжаттарының №2 тізімдемесіндегі №160-175 бумаларға тексеру жұмыстарын жүргізді.
      Қордың жай-күйі, тізімдемелердің титулдық парақшасы, парақтарының сапалы, әрі дұрыс түсірілгендігі қор істерімен салыстыра тексерілді.



«АРХИВТІК ДЕРЕКТЕР – МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА»

         Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу аса маңызды. Бұл жауапкершіліктің басым жүгі мұғалімдердің еншісінде. Архив қызметкерлері де өскелең ұрпақты өз өңірінің тарихын тануға, туған жерінің тәмсілін ұғындыруға, жас буынды тарихи ақпараттармен қызықтыруға барынша ат салысып келеді. Сондай іс-шараның бірі Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясында өтті.
        Мектеп оқушылары мен болған кездесуде көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі Тараз қаласы тарихы тұрғысында өрбіді. Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы Тараз тарихын Әулиеата кезеңінен бастап әңгімеледі.
Ол өз сөзінде: «Қоқан хандығының езгісін көріп, 166 жыл бұрын, 1856 жылы қала ресми түрде Әулиеата болып өзгертілді. 1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулиеата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алды. Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елдімекендерден тұрды. 1897 жылғы халық санағының архивтік деректері бойынша қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, сегіз мешіт және үш керуен-сарай жұмыс істеді.
       XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Орыстар үшін де, жергілікті ұлт балалары үшін де мектептер мен училищелер, мұсылман балалар мектебі ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана 1889 жылдан өз жұмысын бастады. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды: революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын, бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды.
1936 жылы қала кейіннен қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның атымен Мирзоян болып өзгертілді.
Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды. Мұнда бұрын-соңды болып көрмеген жыр алыбы бұл жаңалықты екіұшты қабылдағаны белгілі. Бұл айтулы сәт туралы ел аузында таралған әңгіме де бар. Қалаға аты берілгеннен кейін ақынды шақырып, зор қошеметпен күтіп алады. Пойыздан түсе салған Жамбыл Жабаев жерге тізерлеп отырып: «Атыңнан айналайын, Әулиета, атыңды тартып алсам болма қапа!» деп бетін сипап, содан кейін ғана халыққа мойын бұрған екен.
        1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарабаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласы өзінің тарихи Тараз атауын иемденді.» -деп атап өтті.
Іс-шарада архив құжаттары негізінде жасалынған «ӘУЛИЕАТАНЫҢ ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАРЫ» атты фотоальбомы мен облыстың құрылуынан бастап архивтік құжаттардан жасалынған көрме көрсетілді.
        Мұнда Әулиеата қаласындағы ат базары, ерікті өрт сөндіру бөлімшесі, Әулиеата қаласындағы алғашқы көлік, әмбебап дүкен, медицина қызметкерлері, қолөнер шеберханасы, 1-майға арналған митинг, өрт сөндіру орны, шіркеу, Коммунмаш зауыты, Әулиеата қаласының 1864 жылғы сызбасы, Әулиеата бекінісі, еңбеккерлер үшін киіз үйден ашылған шаштараз, Пушкин көшесі, Жамбыл қаласынан Алма-Атаға сапар шегіп бара жатқан паравоз, Қарахан мавзолейі, Жамбыл қаласындағы бұрыңғы ұн базарының орнындағы алаң, Қали Жүніс моншасы, Жамбыл атындағы алаң, Ворошилов көшесіндегі элеватор, Советская көшесіндегі «Тюльпан» рсетораны, Комсомол көлі, Темір жол вокзалы, қонақ үй құрылысы, Әуежай, Жамбыл облыстық комитеті ғимаратын соққан құрылысшылар бригадасы, Жамбыл суперфосфат зауыты, Ленин атындағы саябақ, Дельфин» жүзу бассейні, Жамбыл қаласындағы алғашқы такси жүргізушілері, «Россия» кинотетары, Жамбыл станциясының алғашқы электровозы пойызды Жамбыл станциясына әкелген сәті, «Сокол» әуежай қонақ үйі, 1-ші ықшам аудан, Әулиеата маңындағы көшпелі ауылдар және т.б басқа суреттер қамтылған.



ПРЕЗИДЕНТКЕ КІТАП ТАРТУ ЕТІЛДІ

      Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жасаған іс-сапары барысында жамбылдық зиялы қауым өкілдерімен кездескен болатын.
      Кездесу барысында Президентке облыстық мемлекеттік архивтің директоры, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы архивтегі көне газеттерден табылған қаламгер Кемел Тоқаевтың ертеректе жазған мақалалары негізінде дайындалған «Кемел Тоқаев. Жамбыл өңірі тарихында» атты кітабын сыйға тарту етті.
      Президент өз сөзінде әкесінің еңбек жолы Жамбыл облысында басталғанын еске алып әрі биыл 100 жылдық мерейтойы екенін айтты, рахметін жеткізді.
Майдангер-жазушы Кемел Тоқаев еңбек жолын 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде қарапайым тілші болып бастаған.
      Болашақ жазушының облыстың мемлекеттік архивіндегі көне газеттерде сақталған тырнақалды кинорецензиялары және мақалалары, оның сол тұстағы еліміздің, өңіріміздің мәдени, әдеби және рухани өміріне белсене ат салысқанын көреміз.
Кітап көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай шығарылған.



Ақын Есет Досалының “Әділбектің әлемі” атты мақаласы жарияланды

Жамбыл облыстық «Арай» газетінің 10.02.2023 жылғы №11 санына Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің архивисті, журналист Әділбек Баққараұлы жайлы ақын Есет Досалының “Әділбектің әлемі” атты мақаласы жарияланды.