Атымтай Жомарт – ерен ер

image_pdfimage_print

Елбасының 2012 жылы жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА ҚАРАЙ 20 ҚАДАМ» бағдарламалық мақаласында еңбек қана адамның еңсесін көтеретіндігін, еңбек адамзаттың құндылығы деп атап көрсетсе, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғыртуда «Ұлы даланың ұлы есімдері» энциклопедиясы жасалуы керектігін ерекшелеп айтты. Осы ретте Жамбыл облысының мемлекеттік архиві облысымыздың экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың жеке тектік құжаттарын архивке қабылдап, ұрпаққа өнеге боларлық тұлғалармен кездесу ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруда. Бұл жолы Еңбегімен ер атанған Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаевтың жеке тектік құжаттарын мемлекеттік сақтауға алу рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

Әңгіме-сұхбатты жүргізген Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев архив жұмысына тоқталу үшін Сара Мәдиеваға жеке тектік құжаттардың маңызын түсіндіру үшін сөз берді. Сайрамбай Дөненбаевтың бейне ролігі көрсетілді.

Рәсімге келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Сайрамбай Әліқұлұлымен 2016 жылдан бері тығыз жұмыс жасап келе жатқанын, оның қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртуда да еңбегі ерен екенін ерекше атап өтті.

Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы өзінің жеке тектік құжаттарын архивке сақтауға өткізгенін, архивтің қоғамдағы рөлі ерекше екенін айтты. Сайрамбайды даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевпен салыстырып, тарихқа құжат негіз болатынын, оған ұқыптылық қажет екенін айтып, іс-шараға қатысушы азаматтарды құнды құжаттарын архивке өткізуге шақырды.

Қоғамдық кеңестің мүшесі Масат Берік: «Алла тағала әуелі байлықты жерге береді, жер елге береді. Ал ел еңбек ете білген ерге береді» деп Сайрамбайға еңбегімен бақ дарығанын, бабалардың жолынан адаспай малдан береке тапқанын айтты. Мұндай азаматтар ел арасында көбірек насихатталып, жастарға үлгі көрсетілуінің маңызын да жеткізді.

Облыстық архивтің ардагері Мақұлбек Рысдәулет өзінің «Ақ жол» газетінің редакторы болған тұста, 2005 жылы «Шәушен» шаруа қожалығында Елбасының болғанын, онда облыс журналистерімен сұхбаттасқанын еске алды. Ол кезең Сайрамбай Әліқұлұлының да есінде жақсы сақталған. Себебі Елбасының сол жылғы «барыңды жамбасқа баспай, елге бер» деген сөзі – өмірлік ұстанымына айналған. Сайрамбай Дөненбаевтың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев марапаттау сәтінде 13 жыл бұрынғы кездесуді еске алып, «Шәушен» шаруа қожалығына алдағы уақытта баратындығын жеткізіпті. Ол кезге дейін туған елін гүлдендіруге көптеген жоспарлар қойып отыр. Мәселен, ауылында шешімін таппай отырған мәселе – ауыз су, бұдан кейін жол салу, жастарды малмен айналысуға бейімдейтін ауыл шаруашылық институтын шаруа қожалығы жанынан ұйымдастыру да ойында барын айтты.

Іс-шараны соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің директоры Қалдыкүл Башенова Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа жеке тектік құжаты Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне қабылдағаны жөніндегі құжатты тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған