«АРХИВТІК ДЕРЕКТЕР – МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА»

         Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу аса маңызды. Бұл жауапкершіліктің басым жүгі мұғалімдердің еншісінде. Архив қызметкерлері де өскелең ұрпақты өз өңірінің тарихын тануға, туған жерінің тәмсілін ұғындыруға, жас буынды тарихи ақпараттармен қызықтыруға барынша ат салысып келеді. Сондай іс-шараның бірі Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясында өтті.
        Мектеп оқушылары мен болған кездесуде көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі Тараз қаласы тарихы тұрғысында өрбіді. Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы Тараз тарихын Әулиеата кезеңінен бастап әңгімеледі.
Ол өз сөзінде: «Қоқан хандығының езгісін көріп, 166 жыл бұрын, 1856 жылы қала ресми түрде Әулиеата болып өзгертілді. 1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулиеата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алды. Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елдімекендерден тұрды. 1897 жылғы халық санағының архивтік деректері бойынша қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, сегіз мешіт және үш керуен-сарай жұмыс істеді.
       XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Орыстар үшін де, жергілікті ұлт балалары үшін де мектептер мен училищелер, мұсылман балалар мектебі ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана 1889 жылдан өз жұмысын бастады. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды: революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын, бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды.
1936 жылы қала кейіннен қуғын-сүргінге ұшырап, атылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның атымен Мирзоян болып өзгертілді.
Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды. Мұнда бұрын-соңды болып көрмеген жыр алыбы бұл жаңалықты екіұшты қабылдағаны белгілі. Бұл айтулы сәт туралы ел аузында таралған әңгіме де бар. Қалаға аты берілгеннен кейін ақынды шақырып, зор қошеметпен күтіп алады. Пойыздан түсе салған Жамбыл Жабаев жерге тізерлеп отырып: «Атыңнан айналайын, Әулиета, атыңды тартып алсам болма қапа!» деп бетін сипап, содан кейін ғана халыққа мойын бұрған екен.
        1997 жылы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарабаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласы өзінің тарихи Тараз атауын иемденді.» -деп атап өтті.
Іс-шарада архив құжаттары негізінде жасалынған «ӘУЛИЕАТАНЫҢ ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАРЫ» атты фотоальбомы мен облыстың құрылуынан бастап архивтік құжаттардан жасалынған көрме көрсетілді.
        Мұнда Әулиеата қаласындағы ат базары, ерікті өрт сөндіру бөлімшесі, Әулиеата қаласындағы алғашқы көлік, әмбебап дүкен, медицина қызметкерлері, қолөнер шеберханасы, 1-майға арналған митинг, өрт сөндіру орны, шіркеу, Коммунмаш зауыты, Әулиеата қаласының 1864 жылғы сызбасы, Әулиеата бекінісі, еңбеккерлер үшін киіз үйден ашылған шаштараз, Пушкин көшесі, Жамбыл қаласынан Алма-Атаға сапар шегіп бара жатқан паравоз, Қарахан мавзолейі, Жамбыл қаласындағы бұрыңғы ұн базарының орнындағы алаң, Қали Жүніс моншасы, Жамбыл атындағы алаң, Ворошилов көшесіндегі элеватор, Советская көшесіндегі «Тюльпан» рсетораны, Комсомол көлі, Темір жол вокзалы, қонақ үй құрылысы, Әуежай, Жамбыл облыстық комитеті ғимаратын соққан құрылысшылар бригадасы, Жамбыл суперфосфат зауыты, Ленин атындағы саябақ, Дельфин» жүзу бассейні, Жамбыл қаласындағы алғашқы такси жүргізушілері, «Россия» кинотетары, Жамбыл станциясының алғашқы электровозы пойызды Жамбыл станциясына әкелген сәті, «Сокол» әуежай қонақ үйі, 1-ші ықшам аудан, Әулиеата маңындағы көшпелі ауылдар және т.б басқа суреттер қамтылған.