АРХИВ – ТАРИХ ҚАЗЫНАСЫ

image_pdfimage_print

Сурет – тарих айнасы. Сондықтан да ұрпақ үшін өте қажет. Мұндағы барлық суреттер құнды. Өткеніміз бен бүгінімізді айшықтайтын фото деректердің бәрі біз үшін қымбат.
1939 жылы Жамбыл облысы құрылғаннан кейін оның түрлі саладағы қызметін атқаратын облыстық мекемелері де жасақталды. Соның бірі Жамбыл облысының тарихын жинақтап, сақтап отырған қара шаңырақ – облыстық мемлекеттік архиві. Архив қызметкерлері айтулы датаны атап өтуде өлке тарихынан сыр шертетін фото-құжаттардың көрмесін ұйымдастыруды жөн деп тапты.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясындағы «Архив-2025» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында Жамбыл облысының және архив қызметінің құрылғанына 80 жыл толуына орай бүгін Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің көрме залында облыстық «Архив – тарих қазынасы» атты фото-құжаттар көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге облыс басшысының орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, облысымыздың зиялы қауым өкілдері – Сағындық Ордабеков, Үміт Битенова, Батырбек Құлекеев, Сәуле Рысбаева, Гүлдара Нұрымова, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тағы басқалары арнайы шақырылды.
Көрмеге архив сақтауындағы облыстың тыныс тіршілігінен дерек беретін жергілікті басылымдардың фото корреспонденттерінің суреттері қойылды. Арнайы жасалған 10 бөлімнен тұратын стендтерде негізінен облыстық «Еңбек туы», «Знамя труда» газеттерінде фото-тілші болған Орлик Ким мен Тілеумағамбет Елемісовтің бұрындары жарияланбаған 100-ге жуық фото суреттер бар. Облыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына еңбегі сіңген архив қорындағы 80 адамның жеке тектік құжат көшірмелері, фото-альбомдар да қойылды.
Көрменің ерекшелігі – тек сурет пен жалаң сипаттама ғана емес, әр суреттің тарихы берілген. Болған оқиға, Жамбыл жеріндегі кездесулер, сол кездесу куәгерлері айтқан, жазбаша газеттерде сақталған деректер негізінде тарихнамасы жазылды. Онда елімізге танымал тұлғалармен бірге қарапайым еңбек адамдары да бар.
Көрмені салтанатты түрде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы ашты. Ол өз сөзінде облыстың 80 жылдық тарихына тоқтала келіп, сол тарихты сақтайтын архивтің жұмысы көзге көріне бермейтін, бірақ тыңғылықты ісі көп мекеме екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмыстардың басы-қасында жүріп, 20-ға жуық архив құжаттары негізінде кітап жазған, күні кеше дүниеден өткен жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулеттің еңбегі ерен екенін айтып, еске алуға арналған бір минуттық үнсіздік жариялады.
Көрмені облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқарама басшысының орынбасары Сара Мадиева жүргізіп, архивтің бөлім басшысы Назым Қожамарова көрме жұмысымен таныстырды.
Архив қонақтары тарихи сәтке айналған ерекше суреттермен танысып, көптеген жаңа мағлұматтар алды. Олар туралы өз білгендерімен де бөлісіп, алдағы уақытта көрменің ауқымын, архивтің ғимаратын кеңейту туралы ұсыныстарын да жеткізді.
Көрме соңында ақын апамыз Үміт Битенова жалынды жыр арнап, жамбылдықтарды облыстың және оның тарихын сақтаған архив қызметінің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Көрме жыл соңына дейін архивке келушілерінің назарына ұсынылады.

You may also like...