Архив саласындағы жаңа белес
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен 19.12.2018 жылы Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер» туралы Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Архив-2025» тапсырмасына орай «Архив саласындағы жаңа белес» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға облыстағы мемлекеттік архив, мемлекеттік мекемелердің ведомствалық архив басшылары мен қызметкерлері, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, «Электронды архив» бағдарламасын құрушы мамандар қатысып, дөңгелек үстел жұмысын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамабасқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жүргізіп отырды.
Осыдан 20 (жиырма) жыл бұрын, 1998 жылы 22-желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив туралы» Заңы қабылданған. Бұл шын мәнінде Қазақстанның жаңа келбеттегі архив жұмысын қалыптастыруға және дамытуға негіз қалады. Қазір осы Заңның аясында бүкіл мұрағат қызметкерлері жұмыс істейді. Ал Елбасының осыдан бір ай бұрын жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы архив саласы қызметкерлерінің алдына асқаралы міндеттер қойды.
Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз. «Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал мына «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат болмақ.
Елбасының тапсырмасына орай барлық саламен бірге архив саласы да цифрландыру түріне көшіп жатқанын көпшілік біледі. Тарихи құжаттарды жаппай цифрландыру жұмысын жетілдіру қажеттілігі туындайды. Бұл бағытта облысымызда соңғы 5 жылдан бері архив қорларында сақтаулы құжаттарды цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 9 638 394 парақ болатын 105 678 тарихи құжат цифрланды. Құжаттарды цифрландыру еліміздің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының бірі. Осы бағытта биылғы жылы облыс басшылығының қолдауымен облыстық архивке құжаттардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай автоматтандырылған архив жүйесін құруға 15 миллион теңге бөлінген болатын. «Электронды архив» бағдарламасын іске қосу мақсатында жыл басынан архив бөлімдері қарқынды жұмыс жүргізді. Бұл бағдарлама архив қызметкерлері мен пайдаланушыларына көптеген жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Оның ең басты тиімділігі – жұмысты оңтайландыруы, бір тетік арқылы бірнеше есеп дайындап, қажетті құжатқа жылдам қол жеткізу мүмкіндігі. Әрине бағдарламаның мүмкіндіктерін жүз пайызға пайдалану үшін құжаттарды цифрлы түрге көшіру бағытында бізге әлі көп жұмыс жасау қажет.
Бағдарламаның таныстырылымын жүргізу үшін Астана қаласынан «Фактор» жүйелік зерттеулер компаниясы директорының орынбасары Ләззат Батырқызы Мейрамбекова мен бағдарламаны құрушы мамандар Толыбай Жәлелұлы Қуанов, Қанат Алғадайұлы Сымбаев арнайы келді.
Іс-шара барысында облысымыздағы архив саласының жетістіктері айтылды, жыл қорытындылары жасалды. Елбасының «Архив-2025» тапсырмасына орнай облыстық дейңгейде атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары да хабарланды. Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылдануына 20 жыл толуына орай облысымыздағы архив саласында елеулі еңбек сіңіріп жүрген 18 қызметкер Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.