«Ақыртас» сарай кешені

Өңіріміздегі әлемдік мәдениетке танымал тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің бірі, бұл – Ақыртас құрылыс кешені. Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас сарайы – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан.

Бұл ортағасырлық мәдениеттің ескерткіші ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Керемет құрылымның тарихы көптеген құпиялармен тығыз байланысты, сондықтан ғалымдар оның пайда болуы теорияларын әлі де ұсынуда.

Ақиқаттан гөрі аңыз көп. 130 жыл бойы зерттелгенімен ғалымдардың әрқайсысының өз болжамы бар. Алғаш рет 1222 жылы Қытайдан Сайрам арқылы Самарқандқа, Шыңғысхан қосынына барған Даосс тахуасы Чан-Чунь өзінің саяхат күнделігінде: “Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады” деп қызыға жазған екен. Сонымен қатар, Ресей шығыстанушысы П.И.Лерх: “Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы” десе, академик В.В.Бартольд болса: “Несториан ғибадатханасы” деген болжам айтады. Ал, археолог Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Отандық зерттеушілерден академик Карл Байпақов бастаған ғылыми топ археологиялық жұмыстарды француз ғалымдарымен бірге жүргізе бастайды. Соның нәтижесінде “сарай кешен” деген тұжырым шығарған. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас болып шықты. Бірақ, өзге ғалымдар әлі нақты шешімге тоқтаған жоқ. Қызыл тастан қашап, шегендеп жасалған кешенді бағзыда қандай мақсатпен пайдаланбақ болғаны әлі күнге дейін жұмбақ.

Қазіргі Ақыртас – бұл, үлкен тас блоктардың қалдықтары, оның құрылысы өткен ғасырларда іс жүзінде мүмкін емес болған, бұл көптеген ғалымдар мен этнографтарды таңғалдырады. Сарай ғимараты төрт бөліктен тұрады, ал кешен пайдалы қазбаларды өндіруге арналған тау разрезін, саябақты және тұрғын үй құрылыстарын қамтиды. Ақыртастың қабырғалары өте қатты және берік, ал ғимарат іргетасының биіктігі 4 метрге дейін жетеді. Кешен тұрғындары сумен қамтамасыз етілген, себебі жақын арада орналасқан бұлақтардан су жеткізу жүйесі салынған еді.