ІІІ Республикалық «Жас архивистер» конкурсы
2019 жылы 24-25 қыркүйек аралығында Қызылорда қаласында Жастар жылына орай Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ІІІ Республикалық «Жас архивистер» конкурсы өтті. Конкурс алғаш Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бастауымен қолға алынған болатын. Іс-шараға ҚР Президенті Архивінен және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысынан барлығы дерлік 8 команда ат салысты.
Конкурстың мақсаты жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында архив саласының рөлін, архивист мамандығының мәртебесін көтеру болып табылады.
Конкурстың шарты бойынша алғашқы күні архив заңнамалары бойынша тест тапсырып, архив құжаттары негізінде ұйымдастырылған көрмелермен танысты.
Ең басты дода Қызылорда қаласының сол жағалауына орналасқан «Жастар ресурстық орталығында» «Архив жастары – болашаққа жол бастар» тақырыбында сәлемдесу, архив жұмысы туралы видеоролик және үйге берілген тапсырма «Біздің архивтің жеті қыры» тақырыбында сайысқа түсті. Екі күнге созылған тартысты сайыста қазылар алқасының қорытындысымен жүлдегер командалар анықталып, бас жүлдені Қызылорда облысының «Сыр жастары» командасы жеңіп алды.
І орынды ҚР Президенті Архивінің командасы иеленсе, ІІ орынды Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» командасы, ІІІ орынды Алматы қаласының «Алатау жастары» командалары қанжығасына байлады.
Жамбыл облысының атынан барған «Тараз Тарихымыздың Темірқазығы» командасы алғыс хат пен сыйлықтар иеленді.