Майдангердің ұрпақтарын іздейді
Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне Алматы қаласының тұрғыны Биғазы Ақылбековтен Шығыс Қазақстан облысының тумасы, алайда соғысқа 1941 жылы Қордай ауданынан аттанған майдангер Мырзахан Мұхамеджановтың ұрпақтарын іздестіріп жатқаны туралы сұраныс хат келіп түсті. Хат иесі соғыста із-түссіз жоғалған майдангер ағасы туралы көп деректер іздестіріп, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери архивтің деректер базасынан майдангердің жары Усырбаева Кульдыкан (Усербаева Кульдикен) Қордай ауданына қарасты Киров колхозында тұрғанын анықтағанын жазыпты. Осы дерек негізінде облыстық архив қызметкерлері сақтаудағы Қордай аудандық партия құжаттарын ақтарып, Кульдикен Усербаеваның КПСС мүшесінің есептік карточкасын тапты. Бұл құжатта ол 1923 жылы дүниеге келгені, 1942-1951 жылдар аралығында Қордай ауданына қарасты Киров колхозының орта мектебінде, 1951-1975 жылдары Қордай ауданының Успеновка селосындағы Роза Люксембург атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, 1975 жылдың қараша айында зейнетке шыққаны туралы мәлімет көрсетілген.
Архив қызметкерлері туысын іздеген Биғазы ағамыздың өтінішіне бейжай қарай алмай, ерікті түрде әлеуметтік желіні пайдалана отырып майдангердің, апамыздың ұрпақтарын іздестіруде. Құрметті жамбылдықтар! Ол кісілер туралы білетіндеріңіз болса, хабар берулеріңізді сұраймыз!