30-ТАМЫЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР КӨРМЕСІ
Қазіргі таңда халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген даңғыл жолымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады.
Ата заңымыз мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, әділет жолын көрсетер айшықты құжаты.
Міне, сол біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Ата Заңға 28 жыл толып отыр.
Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам бас¬ты.
Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен 30-тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Баласағұн» мәдениет сарайында іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті архивінің бірінші санатты архивисті Тәжібаева Бекзат Тоқанқызы мен сарапшы Дүйсенова Гүлжан Нұржұманқызы арнайы шақырылды. Президент архивінің қызметкерлері өз тарапынан Ата заңымызға қатысты архивтік құжаттардан тұратын көрме ұйымдастырып, Жамбыл облысының әкімі Н.Нұржігітов бастаған зиялы қауым өкілдеріне түсіндірме жұмысын жүргізді.
Көрменің тақырыптық-экспозициялық жоспары 1993-2000 жылдарға арналған 20 экспонатты біріктіреді. Экспонаттар архивтік құжаттардың, фотосуреттердің көшірмелері түрінде ұсынылған. Барлық экспонаттар тақырыптық-экспозициялық жоспарда хронологиялық тәртіпте, қысқаша аннотациямен көрсетілген.