ПРЕЗИДЕНТКЕ КІТАП ТАРТУ ЕТІЛДІ
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жасаған іс-сапары барысында жамбылдық зиялы қауым өкілдерімен кездескен болатын.
Кездесу барысында Президентке облыстық мемлекеттік архивтің директоры, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы архивтегі көне газеттерден табылған қаламгер Кемел Тоқаевтың ертеректе жазған мақалалары негізінде дайындалған «Кемел Тоқаев. Жамбыл өңірі тарихында» атты кітабын сыйға тарту етті.
Президент өз сөзінде әкесінің еңбек жолы Жамбыл облысында басталғанын еске алып әрі биыл 100 жылдық мерейтойы екенін айтты, рахметін жеткізді.
Майдангер-жазушы Кемел Тоқаев еңбек жолын 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде қарапайым тілші болып бастаған.
Болашақ жазушының облыстың мемлекеттік архивіндегі көне газеттерде сақталған тырнақалды кинорецензиялары және мақалалары, оның сол тұстағы еліміздің, өңіріміздің мәдени, әдеби және рухани өміріне белсене ат салысқанын көреміз.
Кітап көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай шығарылған.