ҚР Мемлекеттік Орталық архивіне іс-сапары
Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұраларын қамтитын көптомдыққа қажетті материалдар жинақтау мақсатында «Ғылыми-зерттеу» жұмыс тобы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының шешімімен 2019 жылдың 25-30 наурыз күндері Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық архивінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Іс-сапарға Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің ардагері, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиев, Ш.Уәлиханов атындағы кітапхананың инженер-жүйе технигі Қымбат Сейділдаева және архивист Сағындық Зейнуллаұлы болды.
Топтың негізгі жұмыс нысаны Орталық архивтің Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ресейдің мемлекеттік архивінен алынған материалдар болды. Бұл материалдар Орталық архивтің 2300-қорына жинақталған. Ең көне тарихи құжаттар XVII ғасырдың II- жартысынан басталады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алынған құжаттардың арасында Әулиеата тарихына қатысты деректер аздау, құжаттардың басым көпшілігі Ресеймен шекаралас облыстарға қатысты болып шықты.
Сонымен бірге мұның сыртында 1870-1917 жылдар аралығындағы бірнеше қорды ақтарып, орыстардың біздің өңірге қоныстануы туралы деректер қарастырды.
29 наурызда көптомдықтарға зерттеу мақалалары енетін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбековпен, белгілі ғалым, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлімен және Тас дәуірі музейінің директоры, тарих ғылымының докторы Ерболат Оспановпен кездесіп, олар дайындайтын кітаптарда айтылатын мәселелерді талқылады.