Архивтің жастарға берері көп….
8-маусым күні Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің мәжіліс залында «Жамбыл облысы археологиялық пунктіне-80 жыл» атты тақырыпта М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих» факультеті студенттерімен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны архивіміздің басшысы Қ.И.Башенова ашып, биыл Жамбыл археологиялық пунктінің құрылған күніне 80 жыл толғанын, бұл ретте облыс архиві өткен жылы архив құжаттарын «Тараз.Архиеологиялық зерттеулер (1938-1945 жж.)» атты жинақ етіп басып шығарғанын айтты. Ол кітапта Тараз бен оның айналасындағы қалаларда ғылыми негізде жүргізілген алғашқы археологиялық жұмыстар туралы құжаттар жинақталған. Осы құжаттарды оқи отырып, көптеген нақты деректерге қанық боласыз. Тарихи құжаттар орыс тілінде жазылғандықтан біз оның өңін өзгертпей, аудармай ұсынған болатынбыз. Сондай-ақ бұл кітапқа жазылған есептердің авторлары туралы деректерді архив қызметкерлері жинақтап, қосымша зерттеулер жүргізгенін атап өтті. Өлкетанушы, мұрағат саласының ардагері М.Рысдәулеттің тағылымдық, тарихи мазмұнға толы әңгімесімен жалғастырды. Ол өз сөзінде қазір көпшілікке белгілі Күйік- Қарабастау жолының бойында орын тепкен Әулиебастау туралы да ой толғаған. Бір сөзбен айтқанда, Бернштамның Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 772-қорының 1-тізімдемесіндегі 2-ісінде сақтаулы құжаттың мәні әлі жойылмаған. Мұны археологтар мен ғалымдар оқып-зерттеулері қажет екенін атап өтті. Мұндағы ақпар хатта ғалым Жамбыл қаласында археологиялық жұмысты жүргізетін құрылымды күшейту туралы ұсынысты айта келіп, көк базарды көшіру мәселесін де көтереді. Аса құнды тарихи жәдігерлерді бауырына басып жатқан ортағасырлық Тараз қаласының орнын қорғау мен сақтау аса маңызды екенін дәлелдеген. Археологиялық жұмыстар жүргізілген жерлер қоршауға алынып, оларға қарауыл қою қажет деген ұсынысты да айтады. Бір сөзбен айтқанда, атақты ғалымның жазбасы өте құнды. Осындай деректерді алға тарта келіп, ол ойын былайша түйіндеген: «Жинақталған материал Тараздың саманид-қараханид дәуіріндегі қала болғандығы, мекен-жайдың, оның құрылымының дамығандығы, тұрғындардың көне халық екендігі жөнінде ой қорытуға болады».
Ұсынылып отырған тарихи құжаттарда Жамбыл археологиялық пунктінің бірнеше есептері енгізілді. Осы есептерде тарихшылар мен өлкетанушылардың назарын аударатын деректер жеткілікті. Археологиялық пунктің ғылыми қызметкері Г.И.Пацевичтің екі жылғы есебінде олардың Жамбыл қаласының айналасын ғана емес, Түркістан, Ұлытау өңіріне де іс-сапармен барғанын білуге болады.
Жамбыл археологиялық пункті 1938 жылы ашылып, 1945 жылы жабылып қалған. Аз жылда пункт көп жұмыс тындырды. Жамбылдық археологтар пункт жабылғаннан кейінде жұмыс істеген. Тап осы кезде СССР Ғылым Академиясының деректі мәдениет тарихы институтының А.Н.Бернштам жетекшілік еткен экспедициясы көне Тараз қаласының орталығында қазба жұмыстарын бастаған болатын. Пацевичтің айтуынша археологиялық пунктің қызметкерлері түркі әлемінің ірі зерттеушісі А.Бернштамның ақыл-кеңестері бойынша жұмыстар жүргізген. Пункт жабылғаннан кейін Пацевичтің өзі Бернштамның қарамағына барып, көне Таразды зерттеу жұмысын жалғастырған. Олар Аса өзенінің жағалауын, әсіресе Билікөлдің айналасында көп жұмыстар жүргізді. Айша бибі және Бабаджа хатун кесенелеріне күзет орнатып, тақтайшалар қойдырған. Бұл сөзді одан әрі С.Зейнуллаұлы жалғастырып, құжаттарда Айша бибі мен Бабаджа хатун мазарлары да осы археологиялық пункт арқасында аман қалғаны туралы баяндады.
ҒАА және құжаттарды жариялау бөлімінің басшысы Н.Қожамарова орталық «Достық алаңына» қатысты шығарылған брошюра, тарихи құжаттармен таныстырып өтті.
Жастар өз ой-пікірлерімен, алған әсерлерімен бөлісті. Әсіресе, жастарды өзі туып-өскен өлкесінің тарихы ерекше қызықтырды.