«Қасіретті жылдардың ызғары» атты дөңгелек үстел

image_pdfimage_print

30.05.2018 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қасіретті жылдардың ызғары» тақырыбында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті.

Бұл іс-шараға коммунистік партияның белсенді азаматы, Шу ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Құрамысов Сақыпкерейдің баласы, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» Шапай Сақыпкерейұлы Құрамысов, сал-сері, Кенесары хан жасағының бір батыры, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Иманжүсіп Құтпановтың немересі, Лев Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің философия ғылымдарының докторы Раушан Иманжүсіп,  сол кездегі былғары зауытының қызметкері, бай ретінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Сатыбалды Итеновтың қызы, тыл еңбеккеры, «Алтын алқа» иегері Тоқтакүл Сатыбалдықызы Арқабаева, Тұрар Рысқұловтың үзеңгілесі, аштыққа қарсы күресте маңдай терін төккен әулиеаталық азамат, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Жүнісбек Дүрімбетовтің немересі Марат Ермекұлы Дүрімбетов, Социалистік Еңбек Ері, кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Дариға Жантоқованың келіні Сәуле Көкешқызы Иманбердиева қатысты.

Тәуелсіздік таңымен бірге жазықсыз жазаланған арыстарымызды ақтау дәуірі басталды. Ашаршылықтан ес жиналмай жатып, сталиндік қанды террор мен жаппай репрессияның қасіреті төнді. Мыңдаған қандастарымыз жазықсыз жазаланды. Айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Зұлматты жылдары Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылғаны белгілі. Ал Жамбыл облысы бойынша «халық жауы» деген жалған жаламен 5 мыңнан адам жазаға тартылып, соның 845-і атылған. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев, ағайынды Нұршановтар, тіпті көпшілікке  белгілі экономист, қаржыгер, академик Түймебай Әшімбаев пен даңқты қызылшашы Дариға Жантоқова апамыз да бар.

Елбасының 1993 жылдың  14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңын қабылдауы үлкен серпіліс әкелді. Содан бері нақ 25 жыл өткен екен. Бұл аралықта қайта-қайта тарихқа үңіліп, құжаттарды парақтап, зерделеу, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Көптеген кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, ғылыми  сараптаулар жасалынды. Нәтижесінде тарихымыздағы «ақтаңдақ» беттер ел есінде мәңгі сақталуы үшін 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, оларды жазықсыз жағылған қара күйеден аршу бүгінгі ұрпақтың парызына айналды.

Іс-шара барысында келген қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, жинақтаған құжаттарын, жазған кітаптарын көрсетті. Астанадан арнайы шақырылған қонағымыз Раушан Иманжүсіп өз атасы жайындағы зерттеулерімен бөліскеннен кейін, қазіргі Тараз қаласындағы 5-мөлтек ауданы аумағында орналасқан ескі түрмеде атасы Иманжүсіп Құтпановтың атылғанын анықтағанын және ол жерге ескерткіш белгі қою үшін Иманжүсіптің ұрпақтары арнайы келіп отырғанын жеткізді. Естеліктер легінен кейін облыстық филармонияның әншісі Ерлан Ибаділдаев Иманжүсіптің термесін орындады.

Сонымен қатар, іс-шарада архив құжаттарының көрмесі таныстырылып, өткенге шолу жасалды.

You may also like...