ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ БӨЛІНІСІ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМАЛЫҚ

image_pdfimage_print
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ БӨЛІНІСІ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМАЛЫҚ
(1939 – 2010 Ж.Ж.)
Жергілікті жердің әкімшілік-аумақтық бөлінісінің тарихын сипаттайтын анықтамалықтар аса қажет. Мемлекеттік архивтерде бұл істі ғылыми-анықтамалық аппарат бөлімі жүзеге асырады. Бұл жұмыс – бөлімнің негізі болып табылады. Өлке тарихын, оның ішінде мекемелер тарихын зерделеуде, құжаттарды топтастырып, шолулар мен жөнсілтерлер әзірлеуде архив қызметкерлері үшін әкімшілік-аумақтық бөлініс тарихын жіктеу маңызды. Сондықтан да архив саласында мұндай анықтамалықтар бұрындары да құрастырылған. Алғашқы Қазақстан бойынша әкімшілік-аумақтық бөлінісінің анықтамалығы 1959 жылы Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Архив басқармасының құрастыруымен Алматы қаласында баспадан жарық көрген. Онда 1920-1936 жылдар аралығындағы Қазақстан аумағында болған әкімшілік-аумақтық өзгерістер қамтылған. Әрине бұл анықтамалықта негізінен жалпы мағлұматтар берілген. Өкінішке орай, одан біз ескі атаумен берілетін, мысалы «№1 ауыл» деген атау кейін қандай атаумен өзгергенін біле алмаймыз. Алайда сол кезеңдегі болыстықтардың, аудан мен уездердің, облыстардың құрылу, таратылуы, бөлінуі туралы қажетті ақпараттар бар екені анық.
Одан кейін жалпы елімізге ортақ әкімшілік-аумақтық бөліністер туралы қысқаша анықтамалықтар ішінара статистика немесе атқару комитеттерінен басылып тұрды. Алайда архив саласында қажетті толыққанды анықтамалықтарды әр облыс өзінде дайындауды жөн көрген. Сондықтан да Жамбыл облысында мұндай құжатты негіздегі анықтамалық Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде, яғни Жамбыл облысы құрылған 1939 жылдан 1994 жылдар аралығын қамтитын әкімшілік-аумақтық бөліністер туралы анықтамалық 1995 жылы дайындалған. Мұнда 1939 жылға дейін Жамбыл облысын құраған аумақтың әкімшілік құрылысы туралы қысқаша тарихи анықтамасы да берілген.
Әрбір әкімшілік бірлікке (облыс, аудан, қала және қала үлгісіндегі кенттер) әкімшілік – аумақтық өзгерістердің хронологиялық реттілікпен қысқаша очеркі жасалды.
Аудандар бойынша очерктер аудандар атауларының әліпбилік ретімен берілген. Әрбір аудан бойынша облыстың құрылған сәтіне, 1976 жылға және 1993 жылға селолық және ауылдық Кеңестердің тізбесі беріледі.
Анықтамалықты құрастырудағы негізгі дереккөздер: КСРО заңдарының және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 – 1958 – қараша Жарлықтарының жинағы, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, республикалық және жергілікті билік органдарының жарияланған қаулылары, Қазақ КСР Әкімшілік – аумақтық бөлінісінің анықтамалықтары, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік мұрағатының құжаттары болды.
Ұлттық топонамиканың жандануына байланысты 1990-1993 жылдар аралығында әкімшілік-аумақтық бірліктердің байырғы тарихи – географиялық атаулары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік архивтің құжаттарынан негізінен облыстық атқару комитеті мен аудандық атқару комитетінің қорлары пайдаланылды, атап айтқанда: мемлекеттік биліктің жергілікті органдарының шешімдері, жергілікті органдарға сайлау туралы құжаттар, елді мекендердің тізімдері.
Анықтамалықтың мәтініндегі дереккөздерге сілтемелер берілмейді, өйткені қосымшада Жамбыл облысының әкімшілік-аумақтық қайта құрылуы туралы негізгі қаулылардың хронологиялық тізбесі берілген.
Қаулылардың күндеріне сілтемелер ғана анықталған, бірақ құжаттардың өздері болмаған жағдайларда, анықтамалықтың мәтінінде бұл күндер негізге алынып, жолма-жол ескертпелер берілді. Тізбеде мұндай қаулылар келтірілмейді. Тізбедегі кейбір құжаттарға Қос сілтемелер беріледі: мұрағаттағы орналасқан жерін көрсететін мұрағаттық және ресми басылымдар. Құрастырушының иелігінде ресми басылымдар болмаған жағдайларда тек мұрағаттық сілтемелер беріледі.
Анықтамалықта әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларындағы аздаған сәйкессіздіктер айтылмайды. Ауылдық Кеңестердің атаулары қазіргі емле ережелеріне сәйкес берілген, дегенмен кейбір жағдайларда дереккөзде айырмашылықтар бар.
Анықтамалыққа қосымшада алфавиттік-географиялық көрсеткіш, шартты қысқартулардың тізімі берілген.
Анықтамалықтың негізгі бөлігі жалпы облыс, аудандар, қалалар, қалалық және жұмысшы кенттер туралы очерк-анықтамалардан тұрады.Оны қазір күн сайын облыстық архивтің оқу залында пайдалануда.
Сонымен қатар сол анықтамалықтың жалғасы ретінде 2018 жылы 1991-2010 жылдар аралығын қамтитын әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы анықтамалық жазылған. Мұнда 1991 жылдан бастап 2010 жыл аралығындағы облыс аумағында болған әкімшілік-аумақтық өзгерістер архивтік негіздемелерімен беріліп отыр. Бұл келешекте зерделеушілер мен зерттеушілер үшін өте тиімді. Анықтамалықты әзірлеуде алдымен, архив сақтауындағы 2010 жылға дейінгі өткізілген облыс әкімдігінің(150-қор),мәслихаттың(486-қор) құжаттары сараланып, жер-су атауларын өзгерту туралы анықталған шешімдерге, қаулылар мен хаттамаларға тақырыптық карточкалар жасалды. Мәліметтер көшірмеленіп, жүйеленді, электронды түрде терілді. Әр ауданға қатысты шешімдер жеке-жеке жазылды. Сондықтан да бұл анықтамалық аса құнды деректерге толы. Қазіргі таңда осы екі анықтамалық біріктіріліп, облыс көлеміндегі анықтамалық жасалды.

You may also like...