Архивтің басты міндеті – құжаттарды сақтау
Өзінің аты айтып тұрғандай-ақ, архив – құжаттарды сақтайтын мемлекеттік мекеме. Оның басты міндетін орындауды Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде Бас қор сақтаушы, Құжаттардың сақталуын қамтамассыз ету және мемлекеттік есебін жүргізу бөлімінің басшысы Жібек Есентаева үйлестіреді. Сондықтан да бүгінгі постымыз дәл осы бөлімнің көзге көріне бермейтін, құмырсқаның илеуіндей архивте қайнап жататын жұмысына арналады.
Құжаттарды сақтауда шын мәнінде сан алуан жұмыс түрлері атқарылып жатады. Ол жайында Жібек Әзімжанқызы былай дейді: «Бөлім еліміздің Ұлттық архив қоры және архивтер туралы Заңын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды мемлекетік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларын» басшылыққа ала отырып, құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауды, мемлекеттік есепке алуды және құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Күнделікті сұраныстарды орындау үшін архив қызметкерлеріне құжаттарды беру жұмысын есептемегенде, бөлім қызметкерлері мәдени құндылықтарға жататын көнерген құжаттардың жойылуына жол бермей, мүмкіндігінше әр құжатты қалпына келтіруге, оның сақталуын қамтамасыз етуге тырысады. Сондықтан да құжаттан ақау, бүліну анықтаған сәттен бастап тиісті жұмыстар жүргізіледі. Әрбір құжаттардың физикалық жай-күйін анықтау үшін жиі-жиі тексеру жұмыстары жасалады. Құжаттар сақталатын ескірген қораптарды жаңалап, олардың жапсырмаларын жапсырып, құжаттарды шаң-тозаңнан арылту жұмыстарын да тиісінше орындаймыз. Әр тарихи құжат мен үшін қамқорлықты қажет етіп тұратын нәзік нәресте сияқты. Сол үшін де архив қызметкерлеріне көбірек талап қоятыным бар».