Дәрігер – адам жанының арашашысы

image_pdfimage_print

Үстіміздегі жылы Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл. 80 жылдағы облыс тарихында түрлі кезеңдер өтті. Ол туралы архив құжаттарында деректер көптеп сақталған. Бір ғана Жамбыл облысына жер аударылғандар, көшіп келгендердің де тарихы өз алдына. Үш жылдан бері 1-наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында облыстық архив Жамбыл жеріне жер аударылған азаматтардың тағдырына арнап архив құжаттары негізінде көрмелер өткізіп келеді. Бірінші жылы ингуш-шешен ұлтының депортациясына, екінші жылы поляк азаматтарының Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылға эвакуацияланғаны тақырыптарына арналған. Ал биылғы жылы бұл тақырып өзгешелеу – халықтар өкілдері туралы емес, белгілі бір мамандық иелеріне арналды. Яғни саяси қуғын көріп, Жамбыл облысына жер аударылып келген дәрігерлер туралы «Дәрігер – адам жанының арашашысы: Жамбылға жер аударылған дәрігерлер» тақырыбында әңгіме-сұхбат өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырылуына архив сақтауындағы құжаттар арқау болып, құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда 1930-1950 жылдары Жамбыл облысының медицинасына өз үлестерін қосқан дәрігерлер туралы деректер қойылды. Архив қызметкерлері одан бөлек қосымша зерттеу, іздеу жұмыстарын жүргізіп, көрме материалдарын таныстырды. Сонымен қатар көрмеге облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірінші басшылары туралы деректер, архивтегі жеке тектік қор иелерінің құжаттары да қойылды.

Аталған іс-шараның басты қонағы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, өлкетанушы Сағындық Ордабеков болды. Ол архив саласымен ондаған жылдардан бері тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Тарихи құжаттарды зерделеп, өлке тарихын танытуда құнды еңбектер жазған. Облыстық аурухананың музейін жасақтауда нақты құжаттар негізінде облыстағы медицина тарихын жинақтады, жазды. Сонымен қатар, ағамыз архивке құжаттарын сақтаудың маңызын ескере отырып, жеке тектік құжаттарын облыстық архивке тапсырған. Сағындық Ордабекұлы жиында облысымызда медицина саласындағы атақты жер ауып келген дәрігер-ғалымдар Скрябин, Воскресенский туралы нақты деректер айта отырып, зерттеу жұмыстарының барысы туралы ойымен бөлісті. Сондай-ақ бүгінгі көрмеге қойылған облыстық медицина тарихына қатысты тың деректер бұрындары жарияланбағанын, айтылмағанын да атап өтті.

Архив ардагері Мақұлбек Рысдәулет Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвагоспиатальдар туралы сөз қозғап, госпитальдармен бірге Жамбылға дәрігер мамандар да эвакуацияланғанын атап өтті.

Тыңдарман ретінде жиынға «Тараз-Болашақ» медицина колледжінің оқытушылары мен студентері қатысты. Олар алған әсерлерімен бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын да қойды. Келген қонақтарға тақырып бойынша әзірленген кітапшалар таратылып, архив жұмысы таныстырылды. Жастар жылы аясында өткізілген шара медицина тарихына, жер ауып келген өзге ұлт өкілдерінің тарихына қатысты қалам тартам деуші жастарға тағылымды болғаны анық. Жиын соңында облыстық архивтің директоры Қалдыкүл Башенова келген қонақтарға алғысын айтып, архив қойнауы толы қазына екенін, оны аршып алар ойлы жастар архив үшін қай кезде де құрметті қонақ екенін ерекше айтты.

You may also like...