КЕҢЕС ОДАҒЫ БАТЫРЫ АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ШАХАН ӘЛІШЕВ
Ұлы Жеңіске – 75 жыл!
КЕҢЕС ОДАҒЫ БАТЫРЫ АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ШАХАН ӘЛІШЕВ
Әлішев Шахан -1913 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы, Шоқпар ауылында дүниеге келген. (Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінен табылған деректе Жамбыл облысы, Шу ауданы, Кеңес сельсоветі, Новотроицк ауылы деп көрсетілген ).
16 жасында Алматыдағы мұғалімдік курсты бітіріп, еңбек жолын 1929 жылы Кеңес селолық советінде сауатсыздықты жою мектебінде мұғалім болып бастайды. 1933-37 жылдары «Ақтасты» төрт жылдық мектебінде, 1937-39 жылдары Мерецкий орталық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болған. 1939 жылы Армия қатарына алынып, әскери борышын өтеп бола беркгенде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп әрі қарай соғысқа аттанады. 21- екпінді армияның 52-ші дивизиясының құрамында соғыстың басынан аяғына дейін неміс басқыншыларымен күреседі. Сталинград үшін шайқаста алдынғы шепте болады. 1943 жылдың 5 маусымына дейін Курск доғасы, маусым-тамыз аралығында Белград түбінде болып, қазан айына дейін Калининград облысын, Украинаны жаудан босатады. 1944 жылдың «Великая» деген өзеннің бойында немістердің ең бір қиын қоршауын бұзып, Эстония мен Латвияны жау тырнағынан босатады. Бірақ, осы шайқаста қатты жараланып, жазылар жазылмастан өз дивизиясынан қалмай Берлинге дейін барады. Қоршауда қалған немістердің жанталаса арпалысқан қарсылығын елемей, 52 -дивизия бір жарым сағат ішінде шайқасты жеңіп шығады.
Соғыстан кейін де бүкіл өмірі жас жеткіншектерге саналы тәрбие, сапалы білім берумен тікелей байланысты өтті. Жасөспірімдердің Отан сүйгіш сезімін байытуға сіңірген еңбегі де ересен зор.
Ел басына күн туып, Отанымызға қауіп төнгенде 1939- 1945 жылдары Кеңес Одағының Қарулы күштері сапында болып, Сталинградтан Берлинге дейінгі майдан жолынан өткен. Отан қорғау саласында көптеген жауынгерлік жетістіктерге жеткен.
«Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен,
ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен, I-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі рет ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Ал, бейбіт еңбек жылдарында қажырлылығы мен еңбек сүйгіш табандылығы үшін «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Тыңды игергені үшін» т.б. көптеген медальдарға, Құрмет грамоталарына ие болды. 1953-73 жылдар аралығында ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаты болып сайланды.
Соғыстағы ерлігіне қоса, тәрбие саласындағы адал да қажырлы еңбегі, биік парасаты, шынайы адамгершілігінің арқасында есімі аудандық білім беру ісінің тарихына үлкен әріппен жазылып, жарқын бейнесі ел есінде қалды. Әлішев Шахан 1995 жылы қайтыс болған.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында бір көшеге Төле би ауылдық округі әкімінің 08.01.2015 жылы № 1 шешімімен Әлішев Шахан есімі берілген.
(Шу ауданының жинақтауымен).
МАРАППАТТАУ ҚАҒАЗЫ “ҰМЫТЫЛҒАН ҚАҺАРМАНДАР” КІТАБЫНАН АЛЫНДЫ.