9 мамыр-ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ
ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ ҰЛЫ ҚАСІРЕТІ
Адамзат тарихындағы ең бір зұлмат соғыстардың бірі – Екіншідүниежүзілік соғыс екендігі баршаға аян. Сол заманында алапат қуатты соғыс техникалары мен миллиондаған боздақтар қатысқан сұрапыл соғыс еш аяушылықсыз өтті. Большевиктер партиясының идеологтары Отанды қорғау үшін «Отан ана шақырады» деген ұрандар тастады. Отанды қорғауды өз борышы санаған қазақ халқы да майдан даласына кете барды. Үлкені де жасы да, егінші де малшы да, басшы да қосшы да жанын аямады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда 12 атқыштар дивизиясы мен 4 ұлттық дербес атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50-ге жуық полк, батальон және өзге де әскери құрамалар жасақталды. Олардың бәрін киім-кешекпен, тамақпен қамтамасыз етуде жамбылдықтар ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Облыстық архивтің партиялық атқару комитетінің 1943 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл облысында және Жамбыл қаласында қандай әскери құрамалар құрылғаны туралы мәлімет сақтаулы. Осы мәліметке сүйенсек 1941 жылы маусым айында 678-жеке атқыштар батальоны құрылды. Осы жылдың тамыз айында 81-атты әскер дивизиясы жасақталды. Соғыстың басталған жылы облыс және қала тұрғындары үшін аса қауырт болғанын байқауға болады. Осы жылдың қараша айында Бас Қолбасшының бұйрығы бойынша біздің облысымызда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталды. Шілде айында дербес инженерлік-құрылыс батальоны Жамбыл қаласынан майданға аттанды. Осы жылдың соңында облыста газсыздандыру отряды құрылды.