АБАЙ КҮНІ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ РЕТІНДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

image_pdfimage_print

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Үкімет Қаулысына мынандай толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин қол қой қойған Қаулыда «10 тамыз-Абай күні» болып белгіленді. Бұл сөз жоқ қазақ халқының рухани әлеміндегі ерекше жаңалық екендігі сөзсіз.
Биыл өлең сөздің патшасы хакім Абайдың туғанына – 175 жыл толып отыр. Осыған орай, ел Президенті Абай жылын жариялап, кең-байтақ елімізде қыруар шаралар өткізілу көзделіп, қолға алынған болатын. Өкінішке орай, бүкіл әлемді шарпып тұрған пандемия індеті ақын мерейтойына да өз кесірін тигізді. Көптеген іс-шаралар уақытысында өтпей қалды. Алайда бұған қарамастан Абайдың өлмес мұралары елімізде онлайн режимінде оқылып, жатталып, насихатталып жатыр.
Абай тойына Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві де тыңғылықты әзірленген болатын. Оған дәлел облыстық архивте ақпан айында өткен «Абай – асыл ойдың данасы» атты іс-шараға Алматы қаласынан Орталық мемлекеттік архивінің өкілдері арнайы келіп қатысқан еді. Онда Орталық мемлекеттік архивінің директоры Арнұр Жасабекұлы сөз алып, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Орталық мемлекеттік архиві тарапынан көшпелі көрме республикада ең алғашқы болып, Жамбыл жерінде, облыстық архивте өтіп отырғанын ерекше атап өткен болатын.
«Архив-2025» бағдарламасы аясында өткен іс-шараға Орталық мемлекеттік архив тарапынан көшпелі көрме ұйымдастырылып, көрмеге ұлы Абайға қатысты құнды дүниелермен, қолжазбалармен, сирек фото-суреттер қойылды. Ал, облыстық архив тарапынан ұсынылған облыстық «Сталиндік жол» газетінің 1945 жылғы санында жарық көрген М.Әуезов пен Бейсенбай Кенжебаевтың «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» атты көлемді дүниесіне жұртшылық қызығушылық танытқан еді.
Абай мерейтойына байланысы облыста өткен тұңғыш іс-шараға қатысушылар зор ризашылықтарын білдірген болатын.
Міне, облыстық мемлекеттік архив ұжымы ұлы Абайдың туған күні 10 тамыз күні мереке ретінде аталуын, ұлы ақынның өлмес мұрасына құрмет ретінде қараудың үлгісі деп қабылдады.
Сағындық Зейнуллаұлы
Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған