15-НАУРЫЗ-ШЕЖІРЕ КҮНІ

image_pdfimage_print
Шежіре күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар, жұртшылық мал сойып, өмірден озған ата-бабаларына құран бағыштайды. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалады.
Ел арасында өткен өмір тарихын өте жақсы білген “шежіре адамдар” болған. Олар қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрін, заңдарын, әдет-ғұрпын, ай-күн есептерін жақсы білген, көшпелілердің дүниетанымын жете түсінген, небір аңыз-әпсана, жырларды жадында сақтаған. Егер қазақ мәдениеті біртұтас дейтін болсақ, онда шежірені де осылай қарастыруымыз керек. Яғни, шежіренің ішінде аңыз бен шындық та, ертегі мен әпсана да, өнер мен ғылым да бар, ал дәстүрлі қазақ мәдениетінен осылардың біреуін жеке дара бөліп алып қарастыру мүмкін емес. Этнос және қоғам, мемлекет есебінде қазақтар өз бастауын Алаша ханнан алады.
Қазақ халқының ата шежіресі ерте кезден сақталған. Оған “Жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ер – жеті рулы елдің қамын жер, Жалғыз өзін білген ұл – құлағы мен жағын жер” деген аталы сөздер дәлел бола алады. Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы әркімнің ата жағынан тегін таратудың нақтылы жүйесі. Қазақ баласы өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақты есімдерін кішкентайынан жаттап өседі.
Шежіре зерттеушілер: туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтау болса – жерлес. Жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тарағандар) – қандас; бір ата 13 атадан асса – ру; бірнеше ру қандастықпен, не ортақ мүддемен біріксе – тайпа; өзара қоғамдасып, жүз болып қауымдасқан тайпалар біріксе – халық немесе ел, оның ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси теңдігі болса – ұлыс, дербес шекара, саяси-экон. тәуелсіздікке қолы жетсе – мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, жері, әлеум. рух, жігері, этн. ерекшелігі ортақтасып, дараланса – ұлт болады деген тұжырымға тоқтаған. Сол сияқты “жеті ата”, “ата-бабалар”, “немере ағайын”, “жамағайын”, “қалыс ағайын” деген атаулардың да нақты анықтамасы бар. Жеті ата: әке, ата, әз ата (бұл үшеуі аталар), баба, тектік, төркін, тұқиян (бұл төртеуі бабалар). Осы жетеуі бірігіп “Ата-бабалар” аталады. Ал 3 ағайын, 15 ұрпақ былайша жіктеледі: а) Немере ағайын: бала, немере, шөбере, шөпшек, өбере; ә) Жамағайын: туажат, жүрежат, жекжат, жұрағат, жамағат; б) Қалыс ағайын: өркен, әулет, зәузат, жаран, қалыс. 15 буынды бұлайша бөлу қазақтардың өзін, ата-бабасын, өткен күнін, болашағын өмір бойы қадағалап, анықтап отыратынын көрсетеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған