ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ БАҚБЕРГЕНОВ МОЛДАБАЙДЫҢ ЕСТЕЛІГІ

image_pdfimage_print

Мен Бақбергенов Молдабай 1923 жылы Қызыл-Орда облысы Арал ауданы Аралсульфат поселкесының территориясында жұмысшы-шаруа отбасында туылыппын.

1933 жылдан 1940 жылдың октябрь айына дейін Аралсульфат 7-жылдық мектебінде оқып, Арал қалалық ФЗУ-ға оқуға түстім.
1941 жылдың апрелінде практикада болып оны тауыса алмай 1941 жылдың июлінде армия қатарына шақырылып, соғысқа аттанушылар қатарында болдым. Сонымен ойлаған мақсатым орындалмай соғысқа қатысумен аяқталды. Армияға алынғаннан кейін үлкен дайындыққа қатыстым, 1942 жылдың 7-июль күні Арал қаласынан соғыс эшолонымен бір состав товарный поездбен соғысқа аттандық, сол жылы июльдің 15-20-не дейін военный горнизонда болып Сталинград қаласына 45 шақырым жерде Дубобка селосында қорғаныс дайындығында болдық. Сол уақытта фашистер Сталинград қаласында жауыздық соғысын жүргізіп жатты, бірақ қаланы ала алмады. Біздің бөлімшемізден бір бригаданы яғни 159-атқыштар бригадасын Астрахань қаласына бекініске алып барды. Бұл аумақта бізден де басқа бөлімшелер болды. Бұл аумақ 64-армияға қарасты аумақ еді. 159-атқыштар бригадасы 64-армияның составында болдық. Неміс басқаншыларының мақсаты Астрахань қаласын Сталинград қаласын қоса алып, Совет Одағын Волгадан айыру еді. Сөйтіп Бакудің мұнайын Волга арқылы тасытпау еді. Фашистердің бұл жоспары іске асқан жоқ.

Біздің бөлімшелеріміз Астрахань қаласы, Волганың құйылысатын жерінде тұрды. Бұл 1942 жылдың август айының басы еді. 159-атқыштар бригадасының батальондарына мынандай тапсырмалар берілген еді. Астрахань аудандарындағы складтарды, қару-жарақ қоймаларды, т.б обьектілдерді жаудан қорғап тұру. Шпион, диверсиядан тазарту болды, бұл тапсырмалар орындалып отырды. Август,сентябрь, октябрь айының аяғына дейін Астрахань қаласында біздің бөлімше осы тапсырмаларды орындады.

1942 жылдың ноябрь айында, жоғары қолбасшысының бұйрығы шықты, онда былай делінген еді: « Ни шагу не назад- в перед на Запад». Бұл бұйрықты әрбір партия мүшесі, комсомол мүшелері және әрбір соғысқа қатысушы совет азаматтары өздеріне берілген жауапты тапсырма екенін түсініп, осы бұйрықты орындауға бел байлады. Бұл бұйрық сөзсіз орындалады және біз жауынгерлер түсіне білдік.

1942 жылдың ноябрь айында біздер Астрахань қаласын тастап, командирдің бұйрығы бойынша қарсы шабуылға аттандық. Біздің әскери бөлімше 1943 жылдың январына дейін Қалмақ Автономиялық Республикасының территориясын неміс фашисттерінің құрамаларынан тазартты. Кизляр, Халхута, Элесга және Дивный аудандарында қарсы шабуылға шығу арқылы алға жылжыдық. 1943 жылдың январь февраль айларында Ресейге қарасты Сальский далаларында фашистерге қатты соққы бере отырып бұл даладағы елді пунктілерді фашизмнің қысымынан босаттық. Сальский даласынан кейін кезек қызыл Донға яғни Кубан далалықтарының бөліктерін фашисттерден тазартуға кезек келді. Біздің бөлімше Дон өзені ондағы Ростов-Батайский қалаларын фашисттерден тазарттуға қатыстық. Осы екі қаланы алғаннан кейін фашисттердің Оңтүстік Кавказға қарай жорықтарына кедергі жасалып Қара теңіз бойындағы елді мекендерді жаудан тазарту ұрыстарына аттандық. Біздің бригада Ростов қаласын фашисттерден азат етіп, жауды үлкен шығынға батырдық.

1943 жылдың март айында Таганрок қаласына жақын бір селоның түбінде неміс басқыншылырымен ұрыста ауыр жараландым. Госпитолда ұзақ уақыт емделіп, 1944 жылдың февральнде 2 топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге оралдым.

1944 жылдың майынан 1956 жылдың октябріне дейін әртүрлі қызметте болдым. Осы жылдардың ішінде 7 жыл кәсіподақ ұйымына жетекші болып істедім. Кәсіподақ ұйымы саласында қызмет атқарып жүріп, кәсіподақтың жоғары ұйымының делегаты болып бірнеше мәрте сайландым.

1956 жылдың октябрінен 1978 жылдың июльне дейін механикалық цехта, темір жасайтын станоктерде жұмыс істедім. 1978 жылдың июль айында зейнетке шықтым.

Соғысқа дейін соғыстан кейінгі жұмыс істеп еңбегім сіңген жер осы облыс, осы аудан. Мен осы естеліктерімді аяқтай келіп қысқыша мына сөздеріме көңіл аударуларыңызды өтінемін.

1941 жылы соғыс басталған күннен бастап әскер қатарында болдым. 1943 жылдың көктемінде жаралы болып, госпитальде емделіп, елге оралдым. 1944 жылдың майынан бастап 1978 жылдың июльіне дейін миллионның бірі болып халқыма адал еңбек еттім.
1981 жылдың октябрінен бастап осы Жамбыл қаласында тұрамын.
Адресім: 8 микрайон ,3 үй, 48 квартира.

Осы естелігімде: Жамбыл қалалық және аудандық партия, совет комитеттеріне ризашылығымды, отбасымның атынан айтамын. Бізге яғни Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектерге ерекше көңіл бөлініп келе жатыр.
1989 жыл 10-январы.
Қ.341 Т.1(ж) Б.2 Іс.32 П.1-6

You may also like...