«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ»
1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып, Тәуелсіз Қазақстанды жоғарғы деңгейге жеткізе білген, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Тұңғыш Президент күні мерекесі елімізде 2012 жылдан бері кең көлемде тойланып келеді. Бұл мереке Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына деген зор құрметтің белгісі.
Шын мәнінде, Елбасының салиқалы саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстанның тарихы түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан халқына берген антын тұтастай және толық орындағанын көрсетті. Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі сол күні-ақ мемлекет атауын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданып, осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті. Еліміз бүгінде бүкіл әлемге танымал жаңа атқа ие болды.
Осы мерекеге орай Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің Мәжіліс залында, Тұңғыш Президент Елбасымыздың еңбек жолы мен дара саясатынан сыр шертетін фотосуреттер мен кітаптар көрмесі қойылды. Ол құжаттарда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1992-1994 жылдар аралығындағы Жамбыл жеріне келген жұмыс сапарларының көріністерін беріп отырмыз. Мұнда 1994 жылы Елбасын әуежайдан қарсы алу сәті, сол кездегі облыстың тізгінін ұстаған басшылармен, «Ұлан» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ақалтеке жылқы тұқымдас өсіретін шаруа қожалығындағы, Тараз қаласында орналасқан «БМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысу сәттерінен суреттер берілген. Сондай-ақ көрмеге Елбасымыздың 1990 – 2009 жылар аралығындағы саясатының, қызмет жолының шежіресінің тарихын тағылымдайтын кітаптар қойылған.