ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОЛҚА
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов 70-тің белесіне шыққан қаламгер Мақұлбек Қайыпбекұлын жеке қабылдап, құрмет грамотасын табыстады. Бұл басқосу орамды ой айтылған отырыс болды. Сан-салаға қалам тербеген жазушының еңбегі еліне ем боп дарыған шығармалары шаш етектен. Мың мысалдың бір мысқалы ретінде өлкеміздің өткенін қаузай жазып, тарихын терең қопарған рухани һәм тарихи тағлымды 18 кітабын айтуға болады. Өз кезегінде облыс әкімі қаламгерден жазары көп екеніне сенім білдірді. Әсіресе облыстың сексен жылдығына орай шығарылатын 80 томдық энциклопедияға мол мағлұмат жинақтап жүйелеуге қолқа салды. Шаруа шаш етектен. Әлі сыры толық ашылмаған не аймақтағы елеусіз қалған киелі жерлермен, тек сан түрлі аңызға арқау болған әулиелерді зерделеуге ұсыныс білдірді. Негізсіз де емес. Мәселен бір ғана Айша бибі жайында тарихи еңбектер ел аузынан жеткен аңыз әңгімелер желісінде ғана құрылған. Осындай көнеден жеткен жайттарды білікті тарихшыларды тарта отырып нақты тоқтамға тоқайластыру жайы айтылды.