«ӘУЛИЕ-АТА ӨҢІРІНДЕГІ АШАРШЫЛЫҚ» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

image_pdfimage_print
Президентіміз Қ.Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат ” атты мақаласында өткен ғасырда орын алған ашаршылықтарды кешенді түрде зерттеу керек екенін шегелеп тұрып айтты. М.Әшімбаев бастаған бір топ мықты қазақтың жігіттері (М.Бақтиярұлы, А.Нұхұлы, Н.Жүсіп және т.б.) Сенат тарапынан да осы мәселені өз назарына алып жатыр. Осы орайда Ш.Ш.
Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әулие-ата (қазіргі Жамбыл облысы) өңіріндегі ашаршылық» атты зерттеу жинағы жарық көрді…
Шалғайдағы қазақ ауылдарындағы адамдардың тағдырына қатысты ашаршылықтың қасіретке толы күнделікті (айтылған) тарихы жазылмайынша, тарихшылар алдындағы бұл мәселе күн тәртібінен алынбасы анық. Біздің институт аймақтар бойынша ашаршылық куәгерлерімен арнайы жүздесіп, сұхбаттасу кезінде жазып алынған, топтамалық естелік жинақтар шығаруды қолға алған болатын. Ұсынылып отырған кітап соның нәтижесі. Естеліктер жинағы Тұңғышбек Байқұлов ағамыздың зерттеулері мен Институт ғалымдарының басшылығымен жазылды. Қазақстанда болған ашаршылық жылдарының зобалаңы қазақ тарихында болған ең қасіретті заман болғаны ел аузынан деректер негізінде дәйектелген. Көпшілік назарына ұсынылып отырған зерттеу жинағы – өлкетанушы Т. Байқұловтың 2017 жылы жарық көрген «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабының жалғасы. Жаңа жинаққа архив қорларынан табылған тың құжат материалдарымен қатар Әулие-Ата өңіріндегі нәубетті жылдардың бүгінгі күні көзі тірі куәгерлері болған қариялардың естелік-әңгімелері, фото-суреттері еніп отыр. Материал аудан – аудан бойынша орналасқан. Ақпарат бергендердің көбінің жасы 90 асқан аға-апаларымыз…
1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы мәліметтер архив қорларында сақталған, одан бөлек аталған тақырып аясында тарихшылар мен зерттеушілер тарапынан да түрлі еңбектер жарық көруде.
Еліміздің түрлі аймақтарында ашаршылықты өз көзімен көрген куәгерлер баршылық және солардың естеліктерін жинақ етіп шығару күттірмес мәселенің бірі. Өйткені ашаршылық жылдарын басынан кешкендердің де қатары жыл сайын азайып бара жатқаны мәлім. Сондықтан да Қазақстанның әр облысында осы іспетті естелік-жинақтардың жарық көруі құптарлық іс екенін айтқым келеді және әр өңірде аталған тақырып аясында зерттеулермен айналысатын әріптестерді осындай жинақтарды жариялауға шақырамыз. Жамбылдық Тұңғышбек Байқұловтың тәжірибесі басқа облыстарда жалғасын тапқанын құптаймыз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған