ҚИЫНШЫЛЫҚҚА МОЙЫМАҒАН АНАЛАР

image_pdfimage_print

ҚИЫНШЫЛЫҚҚА МОЙЫМАҒАН АНАЛАР
Отбасына түскен ауыртпалық әрқашанда аналарға ерекше ауыр. Ұлы Отан соғысы біздің аналарымыздың қайтпас қайсарлығын тағы да паш етті. Жалпы қазақ қыз-келіншектерінің қайсарлығы туралы аңыз да, әңгіме де, тарихтан бағзы заманнан белгілі. Қанға сіңген қасиетті дарыта отырып, қазақ қыз-келіншектері майданда да, тылда да ерліктің өнегесін көрсетті. Тылдағы олардың еңбегі шын мәнінде өлшеусіз. Сондықтан да болса керек облыстық партия комитетінде әйелдер бөлімі ашылаған. Бұл бөлім қыз-келіншектердің еңбек, саяси белсенділіктерін
арттыруға ерекше назар аударды. 1943 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық партия комитеті хатшысының әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі орынбасары Исмагилованың облыстық партия комитетіне жолдаған есебінде мынандай деректер келтіреді. Ауылдарда 123668 әйел тұратын болса, оның 88845 колхозда еңбек етіпті. Әйелдер ауылда тұратын халықтың 54,4 пайызын құраған. Халық шаруашылығының барлық салаларында әйелдердің жұмысқа араласуы көбейген. Тек машина-трактор станцияларында еңбек ететіндер бір жарым есеге өсті. Барлық жұмысшылардың 42,2 пайызы әйелдер болды.
Әйелдерді мемлекеттік жұмыстарға тарту бұрынғы жылдармен салыстырғанда өсті. Барлық аудандық партия комитеттерін де, аудандық советі атқару комитеттерін де, жергілікті советтер де жұмыс істейтін әйел саны артты. Әсіресе олардың еңбек белсенділігі көтерілді. Тек қана Жамбыл қаласында 4100 стахановшы еңбек етті. Көктерек ауданының «Жаңа-Тілек» колхозында еңбек ететін майдангердің жары Баубекова әр 100 саулықтан 150-ден қозы алып, 115 ешкіден 196 лақ өрдірді. Осы ауданның «Коминтерн» колхозының бақташысы 85 сиырдан 85 бұзау алды. Мұндай жылы лебізді Свердлов ауданының ферма меңгерушісі Зиягүл Тойлыбаеваға, Ленин атындағы колхоздың шопаны Ұлбала Сүгіроваға, «Трудовой Пахарь» колхозының шошқа өсірушісі Вера Янковскаяға, «Красный Звезда» колхозының қызылша өсірушілері Сындыбала Оңғарбаева мен Дариға Жантоқоваға, Мәрзия Ибрагимоваға тағы да басқа көптеген әйелдердің атына білдіруге болады. Шулық Рахима Тазабекова, таластық Науат Егембердиева, луговойлық Теңгебала Көшекова, сарысулық Аманқұлова, жамбылдық Оразаева, билікөлдік Малыбаева, жамбылдық Степанова мен Шаплинаға, жуалылық Ділдаш Байғұтова өздеріне жүктелген міндеттердің бәрін абыроймен орындап, жоғары табыстарға қол жеткізді.
Еңбек озаттарын мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға тарту жақсара түсті. Мәселен облыстағы 121 селолық советтің 41-нің төрағасы әйел, олардың 36-сы қазақ болды. 349 колхоздың 28-ін әйелдер басқарады. 911 егін бригадаларының 235-не әйелдер жетекшілік ететін болса, оның 190-ы қазақ әйелі болғаны жазылған. Сол сияқты 1004 ферма меңгерушісінің 283 әйел, оның басым көпшілігін қазақ қыз-келіншектері басқарды. Луговой ауданындағы қазақ қызы Өмірзақова басқаратын «Көкарық» колхозы жоғары көрсеткішке жетіп, 1943 жылдың қорытындысы бойынша облыстық Құрмет тақтасына жазылды.
Негізі: Жамбыл облысы мемлекеттік архиві, «Мәңгілік ерлік», «Солдат жары» кітаптарынан;

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған